
Татьяна Ким мен Владислав Бакальчук арасындағы даулы сот аяқталды. Енді Татьяна Wildberries-тің толыққанды иесіне айналды.
«Мәскеудегі Савелов соты Татьяна Ким мен Владислав Бакальчук арасындағы мүлікті бөлу ісі бойынша шешім шығарды. Сот судьясы Кимнің талаптарын қанағаттандырып, оған «Вайлдберриз» ЖШҚ-дағы Бакальчукке тиесілі 1% үлесті берді», – деп жазылған Wildberries пен Russ бірігуінен құрылған РВБ компаниясы таратқан хабарламада.
Осылайша, Ким компанияның 100% үлесіне иелік ететін жалғыз меншік иесі атанды. Сондай-ақ «Вайлдберриз Банк» ЖШҚ-дағы 100% үлесі мен өзінің жеке шоттарындағы барлық қаржы қалды.
Кимнің айтуынша, өткен жылы шілдеде бұрынғы күйеуі Бакальчукпен ажырасуға ресми түрде арыз берген. 2025 жылдың ақпанында Мәскеу соты олардың некесін бұзды.
2024 жылдың маусымында Wildberries компаниясы Russ компаниясымен бірігетінін жариялады. Бір айдан кейін ортақ «РВБ» ЖШҚ тіркелді. Оның құрылтайшылары: «Вайлдберриз» ЖШҚ (65%) және «Стинн» ЖШҚ (35%). Айта кету керек, «Стинн» — «Russ Outdoor» компаниясының иесі. Ал оның бенефициарлары — Леван мен Роберт Мирзоян есімді бауырлар.
Кейін Wildberries өзіне тиесілі домендерді, сауда белгісінің құқығын да РВБ-ға өткізді, ал 2024 жылдың тамыз айында бірігу толық аяқталды. Қазан айында Russ компаниясы да өз активтерін РВБ-ға тапсырды.
Wildberries – 2004 жылы пайда болған ресейлік маркетплейс. Негізін қалаушылар – сол кезде некеде болған Татьяна және Владислав Бакальчук еді. Кейін Татьяна жолдасымен ажырасып, маркетплейс өзге компаниямен бірігетін болған кезде Владислав ашық түрде қарсы болған. Wildberries пен Russ арасындағы келісімді заңсыз деп, сотқа арыз берген.