Ұлттық банктің талаптары нарыққа теріс әсер етуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Ұлттық банк ең төменгі резервтік талаптарын өзгертпекші / Фото: Асқар Ахметулин

Қазақстан Ұлттық банкі (ҰБ) банктер міндеттемелері бойынша ең төменгі резервтік талаптарды (ЕТРТ) арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы құқықтық-нормативтік актінің (ҚНА) жобасында көрсетілген. Құжатта, репо операцияларының да есепке алынатыны айтылған. Бұл бастама нарық қатысушылары мен сарапшылар арасында қызу талқыланып отыр.

Қазақстан экономикасы құбылмалы ахуал мен өтімділіктің шектеулігі сияқты сын-қатерлерге тап болып отырған жағдайда, ең төменгі резервтік талаптардың (ЕТРТ) жалпы түрде көтерілуі, әсіресе, бұл талаптарды репо операцияларына да қолдану – тиімді емес қадам болуы мүмкін. Мұндай шара халықаралық тәжірибеге де, жергілікті қаржы нарығының мүддесіне де қайшы келеді. Неліктен? Толығырақ талдайық.

Реттеуші қандай өзгеріс ұсынып отыр?

ЕТРТ-ны көтеру туралы ұсыныс бірінші рет 2025 жылдың басында көтерілді. Осы жылы 13 наурызда өткен ҰБ сараптама-талдау клубының отырысында айтылды. Банк сарапшыларының атап өтуінше, ЕТРТ көтеру өтімділікке тұрақты сұраныс болуына ықпал етіп, экономикаға дезинфляциялық әсер етуі мүмкін. 2025 жылы 11 сәуірде Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов бұл мәселе бойынша соңғы шешім осы жылдың бірінші жартысының соңына дейін қабылданады деген еді.

Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша ең төменгі резервтік талаптар (ЕТРТ) нормативтерін қазіргі 2%-дан (қысқа мерзімді міндеттемелер үшін) және 0%-дан (ұзақ мерзімді міндеттемелер үшін) 5%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Шетел валютасындағы міндеттемелер үшін ЕТРТ қазіргі 3%-дан (қысқа мерзімді) және 1%-дан (ұзақ мерзімді) 15%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

Ұлттық банктің талдауына Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдері кірген.

Халықаралық тәжірибе не дейді?

Репо операциялары – бұл құнды қағаздарды, көбінесе мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) кепілге қойып жасалатын қысқамерзімді мәмілелер. Олар банктерге өтімділікті жедел басқаруға мүмкіндік береді. Көптеген елдерде репо операциялары міндетті резервтерден босатылады, өйткені бұл ақша нарығына кедергілер туындамауы үшін маңызды.

Еуроаймақта Еуропалық орталық банк репоны резервтеудің нөлдік нормативін бекіткен. Ұлыбритания Банкі репоны резервтер базасынан алып тастаған, ол өтімділік пен мөлшерлеме өсімін ұстап тұруға әсер етеді деп есептейді. АҚШ-тың Федералды резервті жүйесі репоны резервтеуге жатуы керек міндеттемелер қатарына жатқызбайды. Түркия банкі де мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы белсенділікті күшейту үшін операциялық репоны Ыстанбұл биржасындағы резервтен алып тастаған.

Мұндай саясаттың белгілі бір мақсаты бар. Репоны резервтен босату банктерге қаржысын жеңіл басқарып, банктен тыс нарықта төмен мөлшерлемені қолдауға мүмкіндік береді. Репоны резерв базасына қосу өтімділікті шектеп, нарықтық механизмдерді бұзуы мүмкін.

Қазақстанда репо қалай қолданылады?

Қазақстанда репо операцияларының банк жүйесіндегі өтімділікті сақтауда маңызы зор. Олар банктерге мемлекеттік қағаздар кепілдігі бойынша жылдам қаржы тартып, өз портфелін қаржыландыруға және мемлекеттік облигацияларға деген сұранысты сақтап тұруға себеп болады. Репоны міндетті резервтер базасына қосудың қаржы жүйесі үшін теріс салдары болуы мүмкін.

Ең алдымен, ақша нарығында қарыз алу көлемі өседі. Банктер өз қаржысының жартысын резервте сақтауға мәжбүр, бұл олардың репо операцияларын жүргізуге деген шығындарын өсіреді. Нәтижесінде, ақша нарығындағы мөлшерлеме өседі. Нарық қатысушылар үшін қарыз алу қымбатқа түсіп, өтімділікке шектеу пайда болады. Бұл онсыз да ресурстарды тиімді басқару қажеттілігімен бетпе-бет келіп отырған банк жүйесі үшін сезімтал мәселе болмақ.

Репоны резервтер қатарына енгізу мемлекеттік бағалы қағаздар тартымдылығын да төмендетеді. Репо – облигациялар кепілдік болатын басты қаржыландыру құралдарының бірі. Егер ондай операцияларға қолжетімділік шектелетін болса, мемлекеттік бағалы қағаздарға деген сұраныс та төмендейді. Бұл мемлекеттік қарызды орналастыруда қиындықтар туғызады, өйткені инвесторлар репо нарығында өтімділігін жоғалтқан облигацияларды сатып алуға аз қызығушылық танытады. Сұраныстың шектеулі жағдайында Қазақстан үкіметі облигациялар бойынша кірістілікті арттыру қажеттілігіне тап болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қарызды өтеуге кететін шығындарды көбейтеді.

Репоны ЕТРТ-ның есептік базасына қосудың Қазақстан экономикасы үшін қандай салдары бар?

Ұлттық банктің репо операцияларымен бірге резервтік талапты көтеру туралы жоспарының теріс салдары болуы мүмкін. Жаңа нормативтерге сай болу үшін банктер белсенді операцияларын қысқарта бастайды, ол өтімділікті нашарлатады. Бизнес пен халық үшін кредит алу қиындай түседі. Репо үшін шығындардың артуы мөлшерлеменің көтерілуіне, кредиттердің қымбаттауына әкеледі. Репо операцияларын шектеу ақша-несие саясатының тиімділігін әлсіретіп, Ұлттық банктің нарық мөлшерлемесіне әсер ету қабілетін төмендетеді.

Банктер қаржыландырудың күрделі құралдарын пайдалана бастайды, бұл реттеуші тарапынан бақылауға да кедергі келтіреді. Әсіресе, мемлекеттік бағалы қағаздарға деген сұраныстың төмендеу мүмкіндігі алаңдатып отыр. Қазақстан бюджет тапшылығын облигациялар арқылы қаржыландыруға тырысып жатқанда, репоны шектеу мемлекет үшін қосымша қиындық туғызады.

Ұлттық банк үшін балама жол бар ма?

Репоны резервке енгізу орнына Ұлттық банк басқа да балама жолдарды қарастыра алады.

Олардың біріншісі – репоны резервтеуден босату. Бұл тәсіл репо операцияларын міндетті резервтер базасынан алып тастауды көздейді. Мұндай тәжірибе дамыған қаржы нарығы бар бірқатар елдерде қолданылады.

Репо бойынша қаражатқа резерв қоюдан бас тарту банктерге мемлекеттік бағалы қағаздармен (МБҚ) операциялар үшін өтімділікті көбірек сақтауға мүмкіндік береді.
Бұл МБҚ-ға деген сұранысты қолдап, оларды инвесторлар үшін тартымды етеді және мемлекеттік қарызды қаржыландыруды жеңілдетеді. Банк секторына қосымша қысым түсірмейді.

Ұйымдасқан нарыққа деген сенімді арттыру мақсатында Қазақстан қор биржасының (KASE) клиринг және есеп айырысу орталығы ретіндегі рөлін күшейту жоспарлануда.
Бұл қадамға нарық қатысушылары үшін рәсімдерді жеңілдету, транзакциялық шығындарды азайту және есеп айырысу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу кіруі мүмкін.

Платформаның ашықтығы мен сенімділігін арттыру – шетелдік банктерді қоса алғанда, қатысушылардың көбеюіне және сауда көлемінің артуына алып келеді, бұл өз кезегінде нарықты анағұрлым тұрақты етеді.

Қазақстан Ұлттық банкінің, репо операцияларын қоса алғанда, резервтік талаптарды арттыру бастамасы банк жүйесін нығайтуға бағытталған қисынды қадам болып көрінуі мүмкін. Алайда әлемдік тәжірибе мен Базель стандарттары бұған керісінше пікір айтады. Репо – бұл тәуекелі төмен құрал, сондықтан ол резервтік шектеулерден бос болуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз