Freedom Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында дата-орталық салады

Freedom Holding Corp. Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында мәліметті өңдеу орталықтарын салуды жоспарлап отыр. Ең үлкені Астанада бой көтереді. Алматы қаласындағы дата-орталық құрылысы бүгін басталды.
Freedom болашаққа инвестиция құйды
Холдинг Алматы қаласында бой көтеретін Freedom Cloud дата-орталығына 175 млрд теңге инвестиция құйды. Оның 75 млрд теңгесі ғимарат құрылысына, қалған 100 млрд теңгесі құрылыс жабдықтарына жұмсалады. Дата-орталық қала жетіндегі «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында бой көтереді. Орталық аумағы – 2,47 га. Құрылыс 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Бұған қоса, холдинг меншігінде жеті дата-орталық бар. Олар Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда және Қарағанды қалаларында орналасқан.
«Цифрлы өнімдерге сұраныс артты. Өзіміз де оны тұтынып отырмыз. Қазақстанның Орталық Азия ғана емес, әлемдегі алдыңғы қатарлы цифрлы ел екенімен мақтанамыз. Құрылысы басталған дата-орталық – біз үшін өте маңызды жобалардың бірі. Төл технология бізге аса қажет», – дейді Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов.
Холдинг басшысының мәлімдеуінше, дата-орталыққа салынған инвестиция бес жылдың көлемінде қайтуы тиіс.
Алматыдағы дата-орталыққа 480 серверлік шкаф орнатылады. Оларға AMD, Intel секілді түрлі серверлер қойылады. Тұтынушы солардың қалағанын таңдай алады.
Астанадағы дата-орталық Алматыда салынатын ғимараттан екі есе үлкен. Онда 960 серверлік шкаф тұрады.
Республикадағы дата-орталықтар туралы
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, республикада барлығы 4 мыңға жуық мәліметті өңдеу орталығы бар. Алдағы жылдары олардың саны екі есеге артады.
«Қазақстанда 3.4-5 мың мәліметтерді өңдеу орталығы бар. Олардың саны 8 мыңға дейін көбеюі мүмкін. Холдингке осымен тоқтамауды, басқа да жобаларды жүзеге асыруды тілеймін», – дейді министр.
Freedom Cloud — Қазақстанның цифрлық экожүйесінің басты құрамдас бөлігінің біріне айналады. Инфрақұрылым Еуропа – Қазақстан – Қытай бағыты бойынша «цифрлық дәліз» құруға көмектеседі.