Мұнай бағасы көтерілді. Оның бірнеше себебі бар

АҚШ билігі Иран шикізатына қосымша шектеу енгізген соң, бейсенбіден бастап әлем нарығында мұнай бағасы қайтадан көтерілді. Бүгін Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 67,85 доллар болды.
Өткен аптада баға шамамен 60 долларға дейін түсіп кеткен еді.
Экономикасы шикізат экспортына әжептәуір тәуелді Қазақстан үшін мұнайдың қымбат болғаны пайдалы. Айтуға тұрарлық тағы бір маңызды жайт, Қазақстан бюджетін қабылдаған уақытта мұнайдың бір баррелі 75 доллар деп есептелген.
Президент Дональд Трамптың әкімшілігі сәрсенбі күні иран мұнайының экспортына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұған қоса, Ақ үй Қытайдың мұнай өңдеу зауытын да шектеді. Оның үстіне OPEC+ ұйымы Қазақстан мен Ирактан өндірісті шектеу кестесін алғанын мәлімдеген.
Соған байланысты инвесторлар шикізат тапшылығы бастала ма деп алаңдады. Сол себепті мұнай бағасы әлем нарығында қайтадан көтеріле бастады.

Алайда Goldman Sachs және JP Morgan секілді қаржы ұйымдарының сарапшылары мұнай бағасы төмендейді деп болжаған. Тіпті қара алтын құны 2026 жылдың аяғында 40 долларға дейін түсіп кетуі мүмкін екенін ескерткен.
«Ал егер мұнай бағасы 40 доллар шамасына дейін төмендесе, бұл Қазақстан экономикасы үшін өте ауыр соққы болмақ. Мұндай жағдайда теңгенің қаншалықты құнсызданатынын болжау қиын», – дейді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Kursiv.Media-ға.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Дүниежүзілік сауда ұйымы әлем экономикасы 7%-ға дейін төмендеуі мүмкін екенін ескертіп отыр.