Бейжің жеңді: Трамп қытай тауарына салықты көтеру райынан қайтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қытай жасанды интеллектті
АҚШ пен Қытай өзара салық көтеруден бас тартуы мүмкін / фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға салықты көтергісі келмейтінін, екі ел арасындағы сауда тоқтағанын қаламайтынын мәлімдеді.

17 сәуір күні Ақ үйде журналистер алдында сөйлеген Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпин келіссөз бастауға талпынғанды деп айтты. Алайда ол Симен тікелей байланысқа шыққан-шықпағаны туралы сауалдардан қайта-қайта жалтарды деп жазды Bloomberg.

«Менің президент Симен қарым-қатынасым жақсы. Солай бола береді де. Олар бірнеше мәрте байланысты шыққанын айта алам», – дейді Трамп.

Әлемнің екі ірі экономикасы – АҚШ пен Қытай кейінгі бірнеше айда бір-біріне баж салығын көтерумен келді. Трамп қытай тауарларына баж салығын 145%-ға дейін өсірсе, Бейжің АҚШ тауарларына 125% сауда салығын салды.

Бүкіл әлем елдері Құрама Штаттар президентінің көңілін табуға тырысса, Қытай басқа жол таңдады – сауда соғысын жаңа мүмкіндікке айналдыруға тырысты. Соған қарағанда, Бейжің сауда соғысында басым түскенге ұқсайды.

«Мен салықтардың көтеріле бергенін қаламаймын. Себебі күндердің күнінде адамдар ол тауарларды сатып алмай қояды», – деп мәлімдеді Трамп. Оның мәлімдемесін Reuters таратты.

Енді АҚШ басшысы Қытайға қатысты өте жоғары тарифтерді түсіруі де мүмкін.

«Сол себепті мен оларды көтергім де келмейді. Мен оларды, керісінше, түсіруді қалауым мүмкін», – деп құбылды Трамп.

2024 жылы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы шамамен жарты триллион доллар болған.

Әлемнің ірі экономикалары арасындағы сауда соғысы қай межеге дейін баратынын ешкім болжай алмаған. Бірақ сарапшылар шектеу көбейген сайын, екеуіне тығырықтан шығу жолын іздеп табу қиынға түсетінін ескерткен.

Бұған дейін Дүниежүзілік сауда ұйымы әлем екі блокқа бөлініп, экономика 7%-ға қысқаруы мүмкін екенін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз