Қазақстанда тағы бір ақылы жол пайда болады

Қазақстанда жаңа ақылы жол пайда болады. 28 сәуірден бастап Қостанай мен Денисовка арасындағы жол учаскесі ақылы болмақ. Бұл бағыттың ұзындығы – 151 шақырым.
Көлік министрлігінің мәліметінше, аталған жол учаскесі бойынша төлем жүйесі 20 жыл бойы қолданылатын болады.
«Жолақысы көлік түріне және төлем тәсіліне байланысты болады. Мысалы, жеңіл көліктер үшін бекеттегі төлем – 130 теңге, алдын-ала төленсе – 110 теңге болады. Ал автобус,жүк және өзге де ірі көліктер үшін баға 1 040 теңге мен 5 240 теңге аралығында болады. Сондай-ақ, үнемдеу үшін айлық немесе жылдық абонемент сатып алуға мүмкіндік беріледі», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство бұл шаралар жолдардың сапасын арттыру мен жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған деп түсіндірді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, 2025 жылдың басынан бері көлік жүргізушілер ақылы жолдар арқылы 12 млн-нан астам рет жүріп өткен. Бүгінде Қазақстанда 20 ақылы жол бар.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық экономика министрлігі Қазақстандағы ақы талап ететін жолдардан 200 млрд теңге жинауды көздеп отыр.