Тоқаев газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуіне Үкіметті кінәлады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Тоқаев Үкімет жұмысын сынады/ Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігіп жатқанын сынға алып, мұны Үкіметтің өрескел олқылығы деп атады.

Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесіне қатысқан Президент өзінің берген тапсырмасы әлі орындалмай жатқанын атап өтті.

«Мен бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын 2024 жылға қарай іске қосу туралы тапсырма бердім. Бірақ түрлі рәсімдер созылып, мердігермен келісім-шартқа былтыр ғана қол қойылды. Соның салдарынан зауытты іске қосу мерзімі 2027 жылға қалып қойды. Бұл – Үкіметтің өрескел олқылығы«,– деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Үкіметке бұл мәселені қатаң бақылауға алуын айтып, ескерту жасады.

Еске салсақ, осыған дейін «Қашағандағы» газ өңдеу зауытын іске қосу мерзімі тағы да кейінге шегерілгені жайлы жазған едік. «Қашаған» кен орнында салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылысы енді 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр, алайда бірқатар технологиялық нысандар бойынша белгілі бір қиындықтар туындаған. 

Сондай-ақ оқыңыз