“Мұхит жағасында тұрып, жұмыс істегіңіз келсе…” 

Жарияланды 19 Сәуір 2025 14:42

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Дижитал номад деген кім?/Фото: kursiv.media

Дижитал номад — кеңсеге байланбаған, әлемнің кез келген нүктесінен жұмыс істей беретін адам. Оларға бар керегі: телефон, ноутбук, жылдам интернет пен онлайн жұмыс ғана. Мұндай қызметкерлер қашықтан істейтін жұмыс түрлері көбіне цифрлық технологиялармен байланысты болғандықтан — дижитал және жылына бір берілетін демалысын күтпей, әлемді қалаған уақытында, еркін шарлап жүре алатындығы үшін номад (көшпенді) деп аталады. 

«Дижитал номад» түсінігі қалай пайда болды?

1997 жылы жапон физигі Цугио Макимото пен америкалық терапевт Дэвид Маннерс «Дижитал номад» деген кітап жариялап, IT технологиялардың дамуы жұмысты өзімізбен бірге алып жүріп, саяхаттауға мүмкіндік береді деген болжам жасады. Ол кезде әлемде ультрабук пен мобильді интернеттің иісі де жоқ еді. Ал ұялы телефон дауыс алмасу құралы ғана болатын. 

Номадология термині 1960-70 жылдары қолданысқа енді. Маршалл Маклюэн, Феликс Гваттари, Жиль Делез сияқты футуролог-философтар өз еңбектерінде болашақтағы көшпенді өмір салтын жиі сипаттап жазатын. Қазір олардың қиялындағы өмір шындыққа айналды.

Әлемдегі алғашқы дижитал номад америкалық бағдарламалаушы Стивен Робертс болды. Ол 1983 жылы жұмысын тастап, велосипедпен 27 000 км саяхатқа шыққан. Велосипедіне күн панелін орнатып, жолда жұмыс істеу үшін өзімен ноутбугын ала кеткен. Стивен осы саяхаты жайлы мақала жазып, оны қазіргі интернеттің арғы атасы — ARPANET желісі арқылы жіберіп, көшпенді өмір салтының негізін қалады.

«Цифрлық көшпенді» мәдениеті қалай қалыптасты?

2000-жылдары бүкіл әлемдегі үлкен, ауыр компьютерлер мен баяу интернеттің орнына шағын, ұқыпты модельдер мен оптоталшықты интернет желілері келді. IT технологиялар лезде қарқын алып, ақпараттық секторда «бум» басталды. 

Компьютерге қолжетімділік артқан сайын, интернетте отыратын, ойын ойнайтын, әртүрлі бағдарламалар жазатын адамдар көбейді. Қолданушылар желідегі білімін монетизациялауды үйренді. Осылай қашықтан істейтін цифрлық қызмет түрлері пайда болды.

Адамдар кеңсеге бармай-ақ жеткілікті табыс табуға болатынын үйренді. Дижитал номадтардың алғашқы толқыны IT қызметкерлерден тұрды. Олар жұмыста шекара жоғын түсінгенде, суық климат пен қымбат қалалардан жыл он екі ай жаз болатын, мұхит пен теңізге жақын, өмір сүру ақысы төмен елдерге көше бастады.

Дижитал номад болу үшін қандай жұмыс істеу керек?

Цифрлық көшпенді болуға қашықтан істейтін кез келген жұмыс жарайды. Дижитал номадтар көбіне кәсіпкер, фрилансер, IT қызметкер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы болады. Бірнеше мысал келтірейік: журналист, графикалық дизайнер, проект-менеджер, IT-дің кез келген саласында істейтін маман, фотограф/видеограф, монтажер, SMM, жазушы, кеңсе уақытымен, бірақ қашықтан істеуге болатын кез келген корпоративті жұмыс, тауар немесе қызмет сататын кәсіп, туризм, мұғалім, жеке ассистент, контент криейтор, т.б.

Қазіргі заманда көзін тапса, көп жұмысты онлайнға ауыстыруға болады. Мысалы: оқытушылар бұрынғыдай сыныпта отырмай, жеке топ ашып, онлайн сабақ жүргізе береді, салық эксперті әлемнің кез келген нүктесінен zoom арқылы кеңес беріп, құжаттарыңызды онлайн рәсімдей алады. 

Дижитал номад болғыңыз келсе:

  • Өз бойыңыздағы дағдыларды, мықты тұстарыңызды талдап, оларды қалай табыс көзіне айналдыруға болатынын ойланып көріңіз. 
  • Басшылықпен кеңседегі міндеттеріңізді онлайн форматқа ауыстыру мүмкіндігін талқылаңыз. Бір ай уақыт алып, жаңа жұмыс форматын сынап көріңіз. Жұмыс берушіге де, сізге де ыңғайлы болып, жұмыс сапасы төмендемесе, толықтай remote позицияға көшуді келісуге болады.
  • Жұмыс іздейтін сайттардағы фильтрден «қашықтан істеу, икемге келетін график» деген позицияны таңдаңыз. Сонда тек онлайн жұмыстар шығады.
  • Халықаралық нарықтан онлайн жұмыс іздесеңіз, Fiverr, Indeed, Remote OK, Upwork Inc, Freelancer сайттарын қараңыз.

Әлемде дижитал номадтардың әртүрлі қауымдастығы бар. Олар бір-біріне кеңес беріп, әр елдің ерекшелігі, виза процесі жайлы пайдалы ақпаратпен бөлісіп отырады. Осындай маңызды ақпарат пен қолдауды келесі платформалардан табасыз: NomadList.com, Hellowfellow, Dynamite Circle, Fly Lancer, Digital Freelancer, Remotive. 

Неге бәрі дижитал номад болғысы келеді?

Елестетіп көріңізші: өз еліңізде қытымыр қыс болып жатқанда, сіз жеңіл көйлекпен жағажайда кокос суын ішіп отырсыз. Еуропа уақытымен корпоративті жұмыс істейсіз, өзіңіз Азияда жүрсіз делік. Жергілікті уақытпен жұмысыңыз түскі 14:00-де басталады. Таңертең оянып, йога жасайсыз, мұхиттың жағасында жүгіресіз, бәлкім, серфинг жасап қайтасыз. Асықпай дәмді таңғы ас ішесіз, аптап ыстық басталмай тұрып, құмда жатып, күнге қыздырынасыз. Кейін үйге келіп, жақсылап душқа түсіп, коворкингке немесе мұхитқа қарап тұратын кофеханаға барып, әдемі көрініспен жұмысқа кірісесіз. Әріптестеріңізде түскі асқа үзіліс болып жатқанда, жағажайға барып, күннің батуын тамашалайсыз. 

Тағы бір сценарийді қарап көрелік: қашықтан жұмыс істейсіз, қатып қалған график жоқ, тек дедлайн бар. Жұмыс уақытыңызды дұрыс ұйымдастырып, тапсырысты сұраған уақытқа аяқтап берсеңіз болғаны. Дисциплинамен дос болсаңыз, уақыт ұтып, бәрін тиімді ұйымдастырып, бос уақытыңызда көрші елдерге саяхаттап, жаңа нәрсе үйреніп, бүкіл әлемнен достар тауып, жергілікті мәдениетпен танысуға болады. 

Ғажап, иә? Көбін осы еркіндік, өмір мен жұмыс арасындағы баланс қызықтырады.

Көшпенді өмір салтына көшпес бұрын…

— Дижитал номад болып тұрғыңыз келетін ел таңдағанда, ең бірінші виза мәселесіне көңіл бөліңіз. Қазір әлемнің ондаған елінде дижитал номадтарға арналған арнайы виза түрлері бар. Сондай елдердің тізімін, виза шартын қарап, өзіңізге сай келетінін таңдаңыз. Бұл барған еліңізде 1-3 жылға дейін тұрғылықты мекенжай анықтамасын алып өмір сүруге, кей елдерде тіпті, азаматтыққа тапсыруға мүмкіндік береді.

— Қашықтан жұмыс істеуді жаңа бастасаңыз және дижитал номад визасына тапсыруға банк шотындағы ақшаңыз, айлық табысыңыз жетіңкіремесе, көшпенді өміріңізді визасыз елдерді аралаудан бастаңыз. Қазақстан азаматтары 43 елге визасыз кіре алады. Мәселен, Кубада 30 күнге дейін, Бразилия мен Аргентинада 90 күнге дейін, Арменияда тіпті, 180 күнге дейін визасыз тұруға болады. 

Сол сияқты визаны электронды немесе әуежайда алатын елдер де — жақсы мүмкіндік. Визасыз немесе e-visa-мен кіретін елдерде 30 күнге дейін қалып, кейін визаны тағы бір айға ұзартуға болады. Болмаса, басқа елге бірнеше күнге саяхаттап келіп, визасыз режимді қайта жаңартасыз. Әр елде 2-3 айдан тұрудың өзі сізге көп жаңа таныстық (бірінші кезекте, өзіңізбен), мол тәжірибе, кең дүниетаным сыйлайды. 

— Баратын еліңіздегі интернет жылдамдығы, әртүрлі платформалардың қолжетімділігін алдын-ала тексеріңіз. Бұл үшін интернет арқылы зерттеу жүргізіп, facebook, telegram-нан әр елде тұратын дижитал номадтартың топтарын тауып алып, кеңес сұрасаңыз болады. Кей елдерде whats app, skype, facebook, instagram сияқты әртүрлі мессенджерлер істемейді. Жұмысыңыз тыйым салынған платформалардың бірімен байланысты болса, жағдайыңыз қиындауы мүмкін.

— Жақындарыңыз тұратын, әріптестеріңіз шоғырланған елдермен уақыт айырмашылығын ескеріп, жұмыс пен демалыс уақытын бекітіп алыңыз. 

— Кетерде бірнеше банк картасын ашып алыңыз. Бұл картаның бұғатталуы, жоғалуы, ұрлануы сияқты бірқатар мәселенің алдын-алады. Өз еліңіздегі банктерге шетелге ұзақ уақытқа кетіп бара жатқаныңызды ескертіп қойыңыз.

— Елде сіздің қолыңызды қажет ететін шаруалар болса, арқа сүйей алатын адамыңызға нотариалды сенімхат қалдырыңыз.

— Міндетті түрде әлемнің кез келген нүктесінде көмек көрсете алатын халықаралық медициналық сақтандыру жасатыңыз.

— Ауыр сөмке жинамаңыз. Көшпендінің жүгі жеңіл болуы керек. Баратын еліңіздегі ауа-райына қарай бірсыпыра киім ғана алыңыз. Қалғанын жолай сатып аласыз. Жүгіңіз жеңіл болған сайын, мобильді боласыз.

Сондай-ақ оқыңыз