Шығыс пен Батыстың көпірі: Қазақстанның транзиттік әлеуеті қалай артып жатыр

Қазақстан логистикалық хаб ретінде өзін сәтті қалыптастырып келеді. Елдің транзиттік әлеуеті – географиясымен ғана емес, инфрақұрылымдық инвестицияларымен, саяси тұрақтылығымен, көпвекторлы сыртқы саясатымен де бекіп жатыр. Болашақта Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын басты логистикалық түйіндердің бірі болу мүмкіндігі жоғары.
Бірінші тоқсанда қандай өзгерістер бар?
2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның көлік саласы айтарлықтай өсім көрсетті. ҚР Ұлттық статистиканың мәліметінше ел бойынша 269,6 млн тонна жүк тасымалданып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға артты. Жүк айналымы да өсіп, 137,5 млрд тонна шақырымды құрап, 14,3%-ға ұлғайды. Бұл көрсеткіштер жүктің тек көлемі ғана емес, оны алысқа тасымалдау үлесінің де артқанын аңғартады.

Қазақстанда жүк тасымалы қарқын алды: 2025 жылдың 1-тоқсаны бойынша шолу
2025 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның көлік саласы жүк тасымалы жағынан айтарлықтай өсім көрсетті. Әсіресе, теміржол, құбыр және теңіз көлігі бағыттарында белсенділік жоғары болды. Енді нақты сандармен сөйлейік.
Теміржол көлігі
111,3 млн тонна жүк тасымалданды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9%-ға артық. Жүк айналымы: 83,7 млрд т-км — өсім 10,3%.
Бұл көрсеткіштер Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит көлемінің және ішкі тасымал белсенділігінің артқанын аңғартады. Теміржол дәстүрлі түрде ауыр өнеркәсіп пен шикізат экспортының тірегі болып қала береді.

Автомобиль көлігі
Жүк тасымалдау көлемі 7,8%-ға өсті. Жүк айналымы – бірден 58%-ға ұлғайды
Бұл ішкі нарықтағы логистиканың жанданғанын, әсіресе өңіраралық тасымал мен онлайн сауданың әсерін көрсетеді. Жүк қазір алысқа және жиірек қозғалып жатыр.
Құбыр көлігі
85,8 млн тонна жүк тасымалданды — 17,7%-ға өсім. Жүк айналымы: 42,8 млрд т-км — өсім 14,5%.
Мұнай мен газ экспорты тұрақты арнада. Құбыр жүйесі — энергия ресурстарының сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуде басты құрал.
Теңіз көлігі (Каспий бағытында)
Ресми мәлімет бойынша 2025 жылдың І тоқсанында теңіз арқылы 1,02 млн тонна жүк тасымалданды — өсу 56%. Жүк айналымы: 478,4 млн т-км — өсім 21,4%.
Каспий теңізі арқылы өтетін «Транскаспий дәлізі» жандана бастады. Бұл Еуропа мен Қытай арасындағы баламалы жол ретінде өз маңызын арттырып келеді.

Хоргос – Еуропаға ашылған теміржол қақпа!
Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Хоргос халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) – XXI ғасырдағы экономикалық геосаясаттың ерекше нүктелерінің бірі. Бұл орталық – Еуразия құрлығында транзиттік және сауда жолдарын қайта жаңғыртып жатқан «Бір белдеу – бір жол» бастамасының негізгі тірек нүктелерінің қатарында. Хоргос – жай ғана шекаралық сауда орны емес, ол – геоэкономикалық мүдделердің түйіскен жері, болашақтың құрлықтық логистикасы мен инвестициялық жобаларының шоғырланған алаңы.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Хоргос шекара станциясы арқылы 2375 жүк пойызы өтті – бұл былтырмен салыстырғанда +28,5% өсім!
Жалпы 3,336 миллион тонна жүк тасымалданды (+26%) – бұл I тоқсан үшін абсолютті рекорд. Қазіргі уақытта Хоргос арқылы 87 тұрақты маршрут өтеді, олар 18 ел мен 46 қалаға бағытталған.
Бұл – Қазақстанның Трансқұрлықтық логистикалық хаб ретінде орнығуының нақты дәлелі. Еуропа мен Қытай арасындағы саудада Хоргос стратегиялық маңызға ие.

Транскаспий дәлізі: серпінді өсім мен стратегиялық маңыз
2024 жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТХКД) арқылы 4,5 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 62%-ға немесе 1,72 млн тоннаға артық. Мұндай қарқынды өсім ТХКД-нің өңірлік және жаһандық логистикалық тізбектердегі маңыздылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Ең әсерлісі – соңғы 4 жыл ішіндегі өзгеріс. 2020 жылдан бері транскаспий дәлізі арқылы тасымалданатын жүк көлемі 5,1 есеге артқан. Бұл дәлізге деген сұраныстың тұрақты түрде өсіп жатқанын білдіреді.
Мұндай нәтижеге бірнеше фактор әсер етіп отыр:
Геосаяси өзгерістер – дәстүрлі маршруттарда туындаған қиындықтар ТХКД-ні балама әрі сенімді бағыт ретінде алға шығарды;
Инфрақұрылымдық жетілдірулер – порттар, теміржол тораптары мен шекара өткелдерінде жасалған жаңғырту жұмыстары логистиканы жылдамдатты;
Халықаралық ынтымақтастық – Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркияның арасындағы үйлесімді саясат тиімді транзитке жол ашты.
2025 жылы бұл көрсеткіш одан әрі өседі деген болжам бар. Қазақстан үшін бұл тек транзиттік табыс емес, сонымен қатар өңірлік хабқа айналу жолындағы нақты қадам.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында барлық көлік түрлерінде жүк тасымалы айтарлықтай артқан. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетінің өсіп келе жатқанын және ішкі нарықтағы логистикалық белсенділіктің жанданып жатқанын білдіреді. Енді осы серпінді сақтау үшін инфрақұрылымға, цифрлық логистикаға және шекаралық өткізу жүйелеріне инвестицияны жалғастыру қажет.