
«Freedom Life» ӨСК АҚ қолдауымен Қонаев қаласының Қапшағай су қоймасының бойы жаңартылып, жаңа жағалау ашылды.
«Жуырда ғана Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының бойы жабдықталмаған жағажай болатын. Енді бұл – балалар мен спорт алаңдары, субұрқақтар, орындықтар мен суға ыңғайлы түсу жолдары бар заманауи кеңістік. Мұның бәрі «Freedom Life» ӨСК АҚ қолдауының арқасында мүмкін болды»,- делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жағалауды жаңғырту жұмыстары 2024 жылдың жазында басталған. Нәтижесінде қалалық жағалау толығымен жаңғыртылып, жаңа тас төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері, жарықтандыру жүйесі орнатылған.
Сонымен бірге жағалауда ашық аспан астындағы жаттығу орындары бар воркаут-аймақтар, балаларға арналған алаңдар мен түрлі спорт алаңдары, демалыс орындары салынған. 2025 жылдың наурызында абаттандырудың соңғы кезеңі аяқталып, гүлзарлар, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар отырғызылған.

Жағажайдың ашылу салтанатына қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласы мен Қапшағай көлі су туризмінің маңызды нүктесі екенін айтып, жағалауды заманауи талаптарға сай жаңғыртылуына жоғары бағалаған.
«Бұл – жай ғана абаттандыру емес, бұл – заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістік құруға қосқан үлес. Жаңартылған жағалау инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады», – деді әкім.
Жаңартылған жағалаудың аумағы көл бойымен 1 шақырымды құрайды. Мұнда отбасымен келіп демалуға, серуендеуге, спортпен айналысуға, жалпы уақытты тиімді өткізуге болады.
Аталмыш жобаға Freedom Life ӨСК 4,53 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры Тимур Турлов жобаның азаматтардың игілігі үшін бизнес пен мемлекеттің тиімді серіктестігінің жарқын үлгісіне айналғанын атап өткен.
«Біз көп ресурсты, күш-жігер мен уақытымызды салып, осы керемет әрі заманауи кеңістікті жасадық. Бұл жерді жаңа тартымды нүкте, спортпен айналысуға, кездесулер мен демалуға арналған сүйікті орын ретінде көреміз. Бұл – жай ғана аумақты абаттандыру емес, Қонаевтың ұзақ мерзімді және орнықты дамуына қосқан үлесіміз. Біз бұл қаланың әлеуеті зор деп сенеміз және мұндай орындардың болуы оны өмір сүруге әлдеқайда қолайлы етеді», – деді Тимур Турлов.