PGI Management компаниясы Алматы тауларында туризмді дамытуға көмектеседі

Атақты туристік брендтермен аты шыққан PGI Management компаниясы Алматыда тау туризмін дамытуға көмектеседі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің PGI Management компаниясының президенті Джоан Виладоматпен кездесуі кезінде айтылды.
Алматы тау кластері
Кездесу барысында Алматы тау кластеріне көңіл бөлінген. Тараптар Алматы тау кластерін бірлесіп дамыту келешегін қарастыра келе туристер ағынын жылына 2 млн адамнан 7,5 млн адамға жеткізу мәселесін талқылаған.
Алматы тау кластерінде жалпы маусымдық кезеңде 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта Алматы тауларындағы трасса ұзындығы 41 шақырымды құрайды, сондай-ақ 16 көтергіш жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым көмегімен күніне 6 мың адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
2029 жылы туристер саны 2 млн-нан 7,5 млн-ға дейін артады
Бірақ отандық және шетелдік туристер тарапынан сұраныстың артуына байланысты, әсіресе, маусымдық кезеңде туристік дестинация ретінде тау шаңғысы туризмін дамыту маңызды. Солайша трассалар ұзындығын 227 шақырымға, көтергіштер санын 58-ге дейін арттыру көзделіп отыр. Нәтижесінде аталмыш туристік жобаның өткізу қабілеті күнінен 5,6 еседен 34 мың адамға дейін жеткізу көзделген. Сондай-ақ 10 мың тікелей жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар.
«Осылайша, 2029 жылға қарай Алматы тау кластері жылына 7,5 млн-ға дейін турист қабылдай алады. Сонымен қатар еншілес және сервистік экономиканың дамуына тұрақты әсер күтілуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
PGI Management компаниясының туристік жбалары
Джоан Виладомат кездесу барысында компанияның бірқатар елдің экономика құрылымдарын трансформациялау бойынша атқарған жобаларымен бөліскен. Компания басшысының айтуынша, бүгінгі таңда PGI Management 120-дан астам жобаны жүзеге асырған. Олар – Давос және Сент-Мориц (Швейцария), Куршевель (Франция), Ишгл және Тироль (Аустрия), Вейл және Аспен (АҚШ), Уистлер-Блэккомб (Канада). Бұл курорттық аймақтар қысқы туристік брендтерге айналып үлгерген. Бұдан бөлек өткен жылы келушілер саны 9,6 млн адамға жеткен 80 мың халқы бар Андорра курортының дамуына да осы компания үлес қосқан.
«60 жылдан астам уақыт бойы компания тау шаңғысы кешендерін дамытуда әлемдік көшбасшыға айналды», – деп мәлімдеген Виладомат.
Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап та халықаралық стандарттарға бейімделген инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірлескен жобаларды бірге жүзеге асыруға ниет білдірген.