Ақмола облысында балаларды спорттық шараға алып бара жатқан автобус аударылды

Ақмола облысында балаларды спорттық жарысқа алып бара жатқан автобус апатқа ұшырап, жаттықтырушы қаза тапты. Бұл туралы Ақмол облысының полиция депатаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, жол көлік оқиғасы Астана мен Шідерті тас жолында 18 күні болған. Павлодарлық жас футболшылар мінген шағын автобус жүргізушісі жүк көлігін басып озуға әрекеттенген кезде, тізгінге ие бола алмай, аударылып кеткен.
Бұл кезде көлікте 14 және 16 жас аралығындағы 16 жасөспірім мен олардың жаттықтырушысы болған. Өкінішке қарай, жаттықтырушы апат орнында тіл тартпай кеткен. Ал балалардың түрлі жарақаттармен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгені хабарланады.
Жекеменшік спорт мектебі бұл саяхат туралы полицияға ескертпеген. Мұндайда балалар автобусы полицияның патрульдік сүйемелдеуімен қозғалуы керек болған. Нәтижесінде балалар қорғаныссыз қалған. Полиция апатқа қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлады.