ҚТЖ қызметкері пойызда жағдайы нашарлаған баланың өмірін құтқарып қалды

ҚТЖ қызметкері пойызда жағдайы нашарлаған баланың өмірін құтқарып қалған. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Жағдай «Алматы – Ташкент» пойызында болған. Келес станциясында шекаралық және кедендік тексеру кезінде Ташкентке ем қабылдауға аттанған 9 жастағы Ярослав деген баланың жағдайы күрт нашарлаған. Бала есінен танып қалған.
«№001 «Алматы – Ташкент» пойызының жолсерігі сапар кезінде жағдайы күрт нашарлаған 9 жастағы балаға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін құтқарып қалды. Қайғылы жағдайдың алдын алуға жолсеріктің шапшаңдығы мен кәсіби біліктілігі шешуші рөл атқарды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жолсерік Қуатбек Дауылбаев баланың жағдайы аса ауыр екенін аңғарып, жедел қимылдап, баланы ыңғайлы жатқызып, басын қауіпсіз қалыпқа келтірген. Сондай-ақ тілінің артқа кетуіне жол бермей, тыныс алу жолдарының ашық болуын қамтамасыз еткен. Уақыты көрсетілген көмектің арқасында баланың жағдайы тұрақталған.
Бұдан ары қарай пойыз бастығы жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақыртып, Келес станциясында жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған. Олар баланы шұғыл түрде Ташкент қаласындағы ауруханаға жеткізген.
«Балақайдың анасы Қуатбек Дауылбаевқа кәсіби біліктілігі, зейінділігі мен адамгершілігі үшін шын жүректен алғысын білдірді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.