Қазақстандықтарды тұрғын үй нарығындағы өзгерістер алаңдатады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандықтар 2025 жылы тұрғын үй бағасы қымбаттайды деп болжайды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстандықтардың жартысына жуығы 2025 жылы жылжымайтын мүлік бағасы 12%-дан астам өседі деп күтеді. United Research Technologies Group (URTG) әлеуметтанушылары 1600 қазақстандық арасында сауалнама жүргізе келе, осындай шешімге келген.

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 42,4%-ы бағаның айтарлықтай өскенін айтқан. Респонденттердің бестен бір бөлігі, яғни – 18,2% өсу қалыпты болады деп сенеді. Олардың пайымдауынша, өсім жылына 6-12%-ды құрауы мүмкін. Сауалнамаға қатысқандардың 12,7%-ы тұрғын үй бағасы бүгінде жоғары және ақырында төмендеуі мүмкін деп есептесе, 7,5%-ы пәтер құны бұрынғы деңгейде қалатынына сенімді болған.

Респонденттердің басым бөлігі (36,1%) Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне негізінен инфляция әсер ететінін айтқан. Ал 29,8%-ы құрылыс материалдары мен көлік құнының қымбаттауына байланысты бағалардың өсетінін мәлімдеген. Қатысушылардың 15,1%-ы экономикалық дағдарыс әсер етеді деп санаса, 10,9% -ы құрылысшылардың пайданы арттыруға тырысатынына байланысты қымбаттауы мүмкін екенін атап өткен. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар (5,1%), құрылысшылардың жалақысының өсуі (4,9%) және саяси тұрақтылық (3,4%) сынды себептер де аталған. Ал респонденттердің 18,5%-ы жауап беруге қиналған.

Зерттеу мәлемттерінше, көбінде жастар пессимистік болжамдар жасаған. Ал аға буын бағаның өзгеріссіз қалатынына немесе төмендейтініне сенімді. Мысалы, 29 жасқа дейінгі жастар мен 30–44 жас аралығындағы адамдар (46%) 2025 жылы жылжымайтын мүлік бағасының айтарлықтай өсуін күтеді. Ал 45 жастан асқан респонденттерде бұл көрсеткіш төмен – 27–37%. Дәл осы жас тобындағы, яғни 45–59 жас аралығындағы респонденттер арасында бағаның төмендеуін күтетіндердің үлесі 18,5%-ды құраған. Ал 60 жастан асқан адамдар негізінен жауап беруге қиналған(31,7%).

Астанада (48,5%) және Алматыда (46,5%) басқа өңірлерге қарағанда бағаның айтарлықтай өсуін күтеді. Қатысушылардың 19,8%-ы Астанада бағалар орташа өсім көрсетеді деп сенеді. Ал Шымкентте және облыстарда баға тұрақты болады деп күтетіндер үлесі 7,9-10,1%-ды құрайды.

Респонденттердің алаңдаушылығына негіз бар секілді. Өйткені Алматыда қайталама нарықтағы пәтерлер қымбаттап жатыр. Мәселен, наурыз айында бағалар 3,7%-ға өскен. Ал бір жыл ішінде жалпы қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 7,2% дейін көтерілген. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға беру бір жыл ішінде 12%-ға қымбаттап кетті.

Сондай-ақ оқыңыз