Алаяққа ұрынып қалмас үшін қаржы кеңесшісін қалай таңдау керек

Ақша құнсызданып, жыл сайын инфляция өсіп жатқандықтан, тапқан табысты дұрыстап басқармаса болмайды. Ондай кезде кәсіби маманнан кеңес алған артық емес. Ол сізге бюджетті тиянақты реттеп қана қоймай, кіріс пен шығысты есептеп, салықты оңтайландырып, инвестициялық стратегиялар құруға көмектеседі. Одан қала берді қымбат дүние алатын ойыңыз болса, оның да жолын табады. Дегенмен «күріштің арқасында күрмек су ішіпті» демекші, қаржы кеңесшісінің атын жамылатындар да табылады. Алаяққа ұрынып қалмас үшін таңдаған кезде не нәрсеге мән беру керегін талдайық.
Қаржы кеңесшісін қалай таңдаймыз?
Таңдаған кезде нақ өз ісінің шеберін табу үшін мына критерийлерге мән берген абзал:
1. Оқыған жерін, сертификаттарын тексеріп алыңыз
- CFP (Certified Financial Planner), CFA (Chartered Financial Analyst), CIPM, ACCA сияқты халықаралық білігін растайтын құжат болса, құба-құп.
- Қазақстанда экономика, қаржы, MBA мамандығын бітіргендер немесе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің курстарын оқыған мамандарға сенім көбірек.
2. Тәжірибесіне назар алыңыз
- Бұл салада қанша жылдан бері істеп келеді? Қандай кейстері бар? Клиенттері кім — студенттер ме, кәсіпкерлер ме, әлде отбасылы адамдар ма?
- Инвестицияға қатысты кеңес беретін адам мен салық кеңесшісі деген бір емес. Нақты қай салаға маманданғанын біліп алуыңыз керек.
3. Ақысын қалай алады?
- Fee–only (берген кеңесіне таза алады, келісімдерден түсетін пайыздарда шаруасы жоқ) — осы әдіс ең жақсысы. Өйткені түсініспеушілік өте аз болады.
- Қаржы өнімдерін ұсынып, содан комиссия ұстайтындарға жоламаған дұрыс.
4. Ашық жұмыс істей ме?
- Келісімшарт, көрсететін қызметтерінің чек-листі, консалт жоспары бар ма? Барлығы ресми түрде болуы қажет. Сөз жүзінде бәрін қатыратындай көрініп, ал құжаттай ештеңе көрсете алмаса, бұл ред флаг болуы мүмкін. Қанша дегенмен нақты салада істейтін адам болғасын, бәрін ресми әрі жүйелі жасағаны — оның қаншалықты кәсіби маман екенін көрсететін бірден-бір белгі.
5. Беделді маман ба, басқалар ол туралы қандай пікірде?
- Оның қызметіне жүгінген шын адамдарды тауып алыңыз. Әдетте сайтта не әлеуметтік желідегі парақшасында тек жақсы пікір көрсетіледі. Кейбірі оны қолдан өтірік жазуы да мүмкін. Сол себепті тексеріп алу үшін шын клиентін тауып, содан сұрап алсаңыз болады.
- Іздеу жүйелеріне аты жөнін жазған соң қасына «пікір», «алаяқ», «сот» деген сынды сөздер қосыңыз. Бәлкім, бұрын-соңды біреулерді алдап, істі болған адам шығар. Әрине ол мұндай ақпаратты сайтына салып қоймайды. Бірақ интернет бүкіл мәліметті есте сақтайтындықтан, оның бұрынғы кейстері де сақтаулы тұрады. Ерінбей іздеп көріңіз.
Қаржы кеңесшісінің атын жамылатын алаяқтар қалай жұмыс істейді?
Алаяқтар заман талабына өте жылдам бейімделуге шебер келеді. Жаңа нәрсе пайда бола бастады ма, бірден кірісіп кетеді. Сондықтан олардың схемаларын жақсырақ білген жөн. Мысалы мынадай әрекеттерді байқасаңыз, күмәндануыңыз керек деген сөз:
1. Тез байып кетесіз деп уәде берсе, сенбеңіз
«Айына бәленбай табыс түсіп тұрады», «бірегей стратегия», «таныстардан біліп алған инсайд» деп қызықтыра бастаса, онда күмән қосуыңыз керек деген сөз. Өйткені заңды жұмыс істейтін ешқандай қаржы кеңесшісі сізге белгілі бір мөлшерде табыс таба аласыз деп уәде бермейді. Бұл — алаяқтардың сүйікті тәсілі. Өкініштісі, дәл осы уәдеге сеніп қалып, қолда бар ақшасын салып жіберетін адам өте көп.
2. Ашықтық деген атымен жоқ
Егер сізге келісімшарт бермесе, нақтылық жоқ болса, лицензиялары туралы сұрақтан қашқақтаса — бұрылып кете беріңіз. Алдыңызға тұрған — алаяқтың дәл өзі.
3. «Тез-тез үлгеріп қалыңыз» деп қапылдырады
Алаяқтар «Бүгін ғана осындай мүмкіндік ұсынып отырмыз» дегендей қысым жасағанды жақсы көреді. Қаражатқа келгенде жылдам шешім қабылдауға болмайды. Мықты эксперттер олай асықтырмайды. Қайта дұрыстап ойлану керегін жақсы білгендіктен, ойыңызды қорытуға мүмкіндік береді.
4. Қаржы пирамидалары мен крипто-псевдоқорлар бар
Алаяқтар көбіне инвестициялық схемаларға кіргізіп алу үшін өзін көбіне қаржы кеңесшісімен деп таныстырғанды жақсы көреді. Сол себепті біреуге ақшаңызды тапсырмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесуіңіз керек. Соның ішінде мына нәрселерге мұқият қараңыз:
- Компания тіркелген бе? Ресми түрде жұмыс істейтінін бірінші кезекте қарап алуыңыз керек.
- Платформа қара тізімде жоқ па, қараңыз. Оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан қарайсыз.
- Қызмет жүргізуіне тыйым салынбаған ба? Тексеріп шығыңыз.
Сақтансаң, сақтайды демекші, есте ұстаңыз;
- Хаттарды сақтап жүріңіз. Сөйлескен чатты өшірмеңіз. Аудиомен сөйлесетін болсаңыз, жазып алатыныңызды ескертіңіз де, диктофонға қосып қойыңыз.
- Жеке шотына ақша аудармағаныңыз абзал. Компания ретінде тіркелген болса, ол сізге төлем шотын жіберуі керек. Сол жерге ресми түрде ақысын жіберіңіз.
- Реттеушілердің сайттарына кіріп, тексеріп алыңыз. Мысалы, Қазақстанда— finreg.kz дегендей.
Тобықтай түйін
Қаржы кеңесшісін дұрыс таңдасаңыз, онда ол сізге мақсаттарыңызға оңай жетуге көмектеседі. Қалай ақша жинауға болатынына жол сілтеп, қосымша табыс түссе қалай инвестиция жасауға болатынын көрсетеді. Бірақ бұл жерде ақылмен таңдау өте маңызды. Әлеуметтік желідегі жарқыл-жұрқыл жарнамасына алданып қалсаңыз, ақшасыз қалуыңыз мүмкін. Қазір бәрін әдемілеп безендіріп, мықты эксперттің рөлін ойнайтын алаяқ аз емес. Ақша жүрген жерде нақтылық пен есеп қоса жүруге тиіс.
Еске сала кетсек, бұған дейін желілік маркетиң мен қаржы пирамидасының қармағынына іліп қалмас үшін не істеу керегін талдап, материал әзірлеген едік.