Жаңалықтар

Баланы терезе апатынан қорғау бойынша ата-аналарға арналған нұсқаулық

Бала терезеден құлап кетпес үшін не істеу керек/Фото: shutterstock

Күн жылынуымен құтқарушылардың да жұмысы күшейеді. Өкінішке қарай мұндайда қайғылы оқиға көбейіп кетеді. ТЖМ дерегінше, былтыр небәрі алты айда 102 бала терезеден құлаған. Ал биыл Астананың өзінде 11 бала терезеден құлап, 2 бала жедел жәрдем көлігі келгенге дейін, 2 бала ауруханада көз жұмған. Мұндай апат ата-ана баласын бірнеше секундқа қараусыз қалдырғанда, қас-қағымда болады. Көбіне бес жасқа дейінгі балалар зардап шегіп жатады. Себебі бұл жаста оларға бәрі қызық. Бір орында тұруы қиын және қауіп дегеннің не екенін білмейді. 

Алайда апаттың алдын алуға болады. Ол үшін ата-ана кейбір қауіпсіздік ережелерін ұстануы қажет. Бүгінгі нұсқаулық ата-аналарға қауіпті азайтып, балаға жайлы орта қалыптастырып беруге көмектеседі.

Балалар неліктен терезеден құлайды?

  1. Қауіпсіздік иллюзиясы: москит тор

Мұндай қайғылы оқиғаға көбіне терезеге қағылған москит тор себеп болады. Балалар оған сүйенуге болады деп ойлайды. Балақайлардың көбі ата-анасына еліктеп, терезеге сүйеніп тұрғысы келеді. Алайда мұндай тор олардың салмағын көтере алмайды. 

  1. Терезенің биік қойылғаны да қауіпсіздікке кепіл бола алмайды

Кейбіреулер терезені, оның тұтқасын биігірек орнатсақ, баланың қолы жетпейді деп ойлайды. Бірақ балаларға орындық, ойыншық, қорап қойып қалаған биіктікке қол жеткізу түк емес. Олар үшін бұл бір қызықты ойын деуге де болады. Бұл жастағы балаларға бәрі қызық екенін ұмытпаған жөн.

  1. Ыстық күні терезені ашық қалдыру

Жаздыгүні бәріміз үйге таза ауа кірсін деп жиі-жиі терезені ашып алуға тырысамыз. Ал ата-ана бір сәтке баланы назардан тыс қалдырса, мысалы, телефон қоңырауы келіп қалса, ас үйге кетіп қалса немесе үлкен баласы бірдеңе сұрай қалса, дәл осы бірнеше секунл ішінде бес жасар бала терезеге бет алуы мүмкін.

Баланы қорғау үшін не істейміз?

Жоғарыда аталғанның бәрі – күнделікті өміріміз. Оның үстіне бұл апат күтпеген жерден, қас қағым сәтте болатын дүние. Сонда ата-ана не істеуі керек. Терезені ашпауы қажет пе, әлде мүлдем орнатуыдан бас тартуы керек пе? Апат себебін оқыған соң, осындай сұрақ сізді де мазалаған болар. Бірақ терезеден бас тартпай-ақ, апаттың алдын алуға болады.

  1. Терезеге бөгет қойыңыз

    Қазір нарықта терезеге қоятын балаларға арналған түрлі бөгет түрі бар. Ол терезені 5-10 сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейді. Негізі үйге таза ауа кіргіззуге осы да жеткілікті, ал баланың басын сұғып, терезеден шығаруына, бұл, әрине, жеткіліксіз.

    2. Терезе ашық уақытта баланы бөлмеде жалғыз қалдырмаңыз

    Тіпті бір сәтке кетер болсаңыз да, терезені жауып, бір-ақ кетіңіз. Балалар тым тез қимылдайды, сондықтан қауіп алаңына да дереу жетіп алуы мүмкін.

    Мысалы, бір жағдайда анасы екі минутқа ас үйге кеткенінде баласы сол екі минут ішінде орындықты қойып, терезеге сүйеніп, екінші қабаттан құлап кеткен. Қайта бала аман қалды, алайда жарақат алды.

    3. Жиһазды терезе маңына қоймаңыз

    Төсек, үстел, орындық, ойыншық баспалдақ және осы сияқты өзге де балаға терезе тақтайына шығып алуға мүмкіндік беретін түрлі заттар терезеден алыс тұрғаны абзал. Бала бір көргеннен мұның бәрін қалай қолдануға болатынын түсінбесе де, ересектерге еліктеймін деп немесе жай ғана ойнап жүріп-ақ мертігіп қалуы мүмкін.

    4. Түсіндіріңіз және үйретіңіз

    Бала сөз түсінетін болған сәттен қауіпсіздік ережелері туралы айта бастаңыз. Неліктен терезе тақтайына шығуға, терезені ашуға, терезе маңында ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз. Бастысы, қорқытпаңыз, ұрыспаңыз, бір рет айтып, қойып та кетпеңіз, үнемі айтып отыруға тыырсыңыз. 

    5. Москитті торға мүлдем сенбеңіз

    Қайталап өткеннің айыбы жоқ, москит тор баланы апаттан қорғай алмайды. Ол күш салмай итере салғанның өзінде қимылдап кетеді. Терезеңізге осындай тор орнатылған болса, оның сырт жақтан да бекітіліп-бекітілмегенін бір тексеріңіз. Бірақ бәрібір де баланы жалғыз қалдырмаңыз. 

    Қосымша қауіпсіздік амалдары

    Бөлмеден шығарда үнемі терезені жауып жүруге дағдыланыңыз. Балаға қарайтын өзге отбасы мүшелерін, ата-әжесін, аға-бауырлар мен бала күтушісін де ескертіңіз. 

    Қауіпсіздік шаралары өзге елдерде қалай жұмыс істейді?

    Германияда 6 жасқа дейінгі бала тұратын әр үйге қорғаныс жүйесі орнатылған терезе қою міндетеледі.

    Франциядағы көпқабатты үйлерде «антиашық» деп аталатын жүйе қолданылады, яғни терезеге екіреттік бұғаттау орнатылған. Бұл, әсіресе, кішкентай баласы бар ата-аналар арасында өте танымал. 

    Ал Қытайда көпқабатты тұрғын үй кешендерінің терезені қойғанда міндетті түрде сыртынан темір тор қойылады.

    Швеция үкіметі бала тұратын үйлердің терезесі тек ішке қарай және тек 10-15 градусқа ашылатын болуын талап етеді. Ал жалдамалы пәтерлердегі терезеге балаларға арналған фурнитура қойылуы шарт.

    Ұлыбританиядағы құрылыс нормасына сәйкес, жерден 1,2 биікте орналасқан терезелер 10 сантиметрден артық ашылмауы керек. Бұл талап бұзылған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін.

    Баланың терезеден құлап кетуі – қас пен көз арасында болатын әрі ең ауыр трагедиялардың бірі. Алайда тек ата-ана бұл апаттың алдын бөгеп, баланы қорғай алады. Мұндайда баққа сеніп отыруға болмайды. Үйіңіз қауіп ошағы емес, қауіпсіздік сезінетін жылы мекен болсын.