Алматыда өткен марафонда екі адам қайтыс болды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы марафонында екі адам қайтыс болды / Фото:shutterstock

2025 жылғы 20 сәуірде Алматыда өткен марафон кезінде екі қазақстандық көз жұмды. Екі қайғылы оқиға бір сағат ішінде болған. Дәрігерлер жүгірушілердің өмірін сақтап қала алмады деп хабарлайды «Смелость быть первым» қоры.

«Almaty Half Marathon барысында екі қатысушы — 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади қайтыс болды. Екеуі де жартылай марафон (21,1 км) қашықтығын жүгіріп өтіп жатқан және жарысқа тұрақты түрде қатысып жүрген жандар», — делінген хабарламада.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Рсалиев жүгірудің бірінші шақырымында құлаған. Медициналық қызметкерлер жедел жеткенімен, 84 жастағы ер адамның жүрек соғысы тіркелмеген. Шамамен бір сағаттан кейін 21 жастағы Нұрбол Ахмади есінен танып қалған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның да қайтыс болғанын растады.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі азаматтың өліміне өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. Алайда нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайды.

Ұйымдастырушылар қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, оларға материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бүгін, 20 сәуір күні Алматыда Almaty Half Marathon өткен. Бұл жарысқа 40-тан астам елден 10 мыңға жуық адам тіркелген. Бағдарламада әдеттегідей жартылай марафон (21,1 км), 10 км қашықтығы, скандинавиялық жүріс және командалық эстафета бар.

Сондай-ақ оқыңыз