Дарк туризм деген не? Қазақстанның оған қандай қатысы бар?

Жарияланды 20 Сәуір 2025 19:02

(жаңартылды 21 Сәуір 2025 07:47)
Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Польшадағы Освенцим лагері / Фото: ашық дерек

Дарк туризм — өлім-жітім мен әртүрлі апат болған, қайғылы тарихы бар жерлерге саяхаттау. Ағылшын тілінен «қараңғы туризм» деп аударылады. Бір қарағанда, бұл тіркес диссонанс сияқты естіледі. Өйткені көбіміз саяхатты әлемнің ең-ең деген жерлерін аралаумен, табиғат ғажайыптарын тамашалаумен байланыстырамыз. Жер шарында көруге тұрарлық миллион сұлулық барда, адамдар неге аштық пен өлім, үмітсіздік пен қорқыныш жайлаған орындарды таңдайды? Мұндай жерлер туристерді несімен қызықтырады? Қараңғы туризмді дамытқан дұрыс па? 

Дарк туризм қалай пайда болған?

Қасірет туризмі ежелгі Рим дәуірінен басталады. Колизейдегі қанды шайқастарды көруге адамдар алыс өңірлерден арнайы келетін. 18-ғасырдың ортасына дейін Лондонның қақ ортасында дарға асылатын кісілерді өз көзімен көру үшін халық алдыңғы қатарларға билет сатып алатын. 

1839 жылы дарк туризм заманауи бизнес модельге айналды. Осы жылы Ұлыбританияда Томас Кук деген кәсіпкер туристерді поезбен өлім жазасына кесілген қылмыскерлерді ату орнына тасып, ақша таба бастады. 

1937 жылы АҚШ-та Гинденбург әуе кемесі апатқа ұшырап, 36 адам тірідей жанып кетті. Көп ұзамай туркомпаниялар апат орнын, ұшақтың қаңқасын көргісі келетін адамдарға арнап тур ашты. 

Туристер қорқынышты жерлерге не үшін саяхаттайды?

Қазір дарк туризм — қарқынды өсіп келе жатқан, табысты салалардың бірі. Digital Journal жариялаған зерттеуге сәйкес, 2031 жылға қарай ғаламдық дарк туризм нарығының құны 43,5 миллиард долларға жетеді. Бұл саланың өсуіне Z толқыны (зумерлер — 1990-жылдардың ортасынан 2010 жылдың ортасына дейін туған жастар) ықпал етті. 

2022 жылы Travel News сауалнамасына қатысқан Z толқыны өкілдерінің 91% дарк туризмге қатысы барын айтқан. Респонденттердің 52% қайғылы оқиғасы бар орындарға барудың ағартушылық мәні бар деп есептейді. 48 пайызы дарк туризмді — апат/геноцид/жауыздық құрбандарының рухына тағзым жасау, олардың ауыр тағдырына құрметпен қарау деп түсінеді. Одан бөлек, кейінгі жылдары саяхаттан қосымша әсер, экстрим мен адреналин іздеу көбейген. 

Дарк туризм орындарына қызығушылықтың артында танымал тв-шоулар мен сериалдар тұр. Мәселен, Netflix түсірген «Narcos» сериалынан кейін Пабло Эскобардың туған қаласы Медельинге саяхаттаушылар саны күрт өсті. Бір кездері Эскобардың қол астында істеген кісілердің өзі қазір «есірткі патшасының» өмірі жайлы тур ашып алған. HBO-ның «Чернобыль» сериалынан кейін 1986 жылы апат болған АЭС орнын көргісі келетін дарк туристер көбеймесе, азайған жоқ.

Дарк туристердің «сүйікті орындары»

Дарк туризм белгілі бір тарихи оқиғаға негізделеді. Мәселен, 2001 жылы 9 қыркүйекте террористер басып алған жолаушылар ұшағы АҚШ-тағы ірі сауда орталығына соғылып, 78 елдің 3 мыңға жуық азаматы қаза тапты. Қазір апат орнында туристер арасында танымал мемориал-мұражай бар. 

Дарк туристік орындардың көбі геноцидпен байланысты. Сондықтан дарк туристер Руандаға — тутси халқына қарсы ұйымдастырылған қырғын, Мьянмаға — рохинджа мұсылмандарының геноциді, Боснияға — Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада болған ең үлкен кісі өлтіру операциясы жайлы білуге барады. 

Дарк туризмнің тағы бір танымал бағыты — ірі апаттар. Айталық, Италиядағы Помпеи 79 жылы Везувий жанартауы атқылап, қала халқы тегіс қырылып қалған оқиғасымен белгілі. Жапониядағы Хиросима, Нагасаки АҚШ-тың атом бомбасынан зардап шегу тарихымен танымал. 

Әлемде дарк туристер арнайы іздеп баратын орындар өте көп. Олардың бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Дарк туризмнің не екенін жақсырақ түсіну үшін бірнеше мысал келтірейік: 

Өзін-өзі өлтірушілер орманы, Жапония

Жапониядағы Аокигахара орманы — ең көп суицид тіркелетін жер. Осыған байланысты «өзін-өзі өлтірушілер орманы» аталған. Ұлттық парктің іші әдемі болғанымен, әлі күнге дейін адам денесі табылатындықтан, қорқынышты мекен саналады.  

Седная түрмесі, Сирия

Дамаскінің солтүстігінде орналасқан, 1986 жылдан 2024 жылға дейін жұмыс істеген концентрациялық лагерь. Мұнда Сирия режиміне қарсы саяси тұтқындар отырған. Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығының дерегінше, түрмедегі азаптаудан отыз мыңға жуық тұтқын қаза тапқан. Биыл Сирия үкіметі ауысып, түрмеге жол ашылған соң, Седнаяға дарк туристер ағыла бастады. 

Аушвиц-Биркенау «өлім лагері», Польша

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германия миллиондаған еврейді өлім лагерьлерінде адам төзгісіз жағдайда ұстап, медициналық сынақтан өткізіп, тірідей газ камераларына кіргізген. Геноцид салдарынан 1 миллионға жуық еврей қырылды. Польшадағы лагерьде нацистер өлтірген адамдардың шаштары мен аяқ-киімдеріне дейін сақталға.

Солтүстік Корея 

Әлемдегі ең жабық ел жайлы аңыз да, қорқынышты хикая да көп. Ондағы ұлт көсеміне табынушылық, қатаң цензура, аштық шегіндегі кедейлік пен өз елінде тұтқынға айналған адамдар — басқа шынайылықта өмір сүріп жатқан адамдарға қызық көрінеді. Сондықтан болар Солтүстік Кореяға турға сұраныс жоғары. Бірақ бұл турда белгіленген тәртіп шеңберінде, гид көрсеткен жерлерде ғана жүресіз. Саяхатшыда еркіндік мүлде жоқ. Соған қарамастан, дарк туристер Солтүстік Кореяға бару мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысады.

Алдағы саяхатыңызға дарк туризм орындарын қосқыңыз келсе, dark-tourism.com сайтынан кез келген елді таңдап, ондағы қасіретке толы мекендердің тізімін табуға болады.

Дарк туризм және Қазақстан

Дарк туристерді қызықтыратын оқиғалар мен орындар Қазақстанда да жетіп-артылады. 

Қолдан ұйымдастырылған аштық, Карлаг лагері, АЛЖИР (отанын сатқандардың әйелдеріне арналған лагерь), Семей полигоны, Арал теңізі — жауыздық пен жазықсыз құрбандар тарихына толы, әлемде баламасы жоқ мекендер.

Netflix түсірген Dark tourist деректі фильмдер сериясында жаңазеландиялық журналист Дэвид Ферриер Қазақстанға келіп, Атом көлге барады. 

1965 жылы қаңтарда Совет Одағы Шаған өзенінің арнасында қуаты 170 килотоннаға жететін ядролық қаруды жарған. Бұл — Хиросимаға тасталған бомбадан 9 есе қуатты еді. Сол жарылыстан түзілген су айдыны қазір Атом көл деп аталады. Ядролық сынақтан кейін көлге жіберілген балықтар жаппай қырылып, онда шомылған адамдар әртүрлі аурумен ауыра бастаған. Өйткені судың радиациясы өте жоғары. Бұл — қауіп-қатермен бетпе-бет келгенді ұнататын, режимнің қолдан ұйымдастырған жауыздығын көріп, құрбандар хикаясын тыңдағысы келетін дарк туристерге таптырмас бағыт. 

Дарк туризм жедел өсіп келе жатқан сала екенін, жыл өткен сайын ерекше эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлайтын саяхаттарға сұраныс артатынын ескеріп, Қазақстан қазірден дарк туризм орындарын жарнамалап, саяхатшыларға ыңғайлы турлар ұйымдастыруды қолға алуы керек. Өйткені Қазақстанда Арал катастрофасынан бастап, үлкен геноцид, қуғын-сүргін, аштық пен атом бомбасына дейін — әлемге айтар хикая көп!

Дарк туризмнің негізгі дені кешірілмес қылмыс жасалған орындардан тұрады. Бұл мекендерді неғұрлым көбірек адам көріп, тарихымен танысқан сайын, қылмыстың қайталануына жол бермеу, оны қайта болдырмау ықтималдығы артады. Сондықтан дарк туризмнің орны бөлек.

Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны секілді, дарк туризмді де көпшілік назары мен резонанс үшін пайдаланып, моральдық құндылықтарды ескермейтін адамдар да кездеседі. Олардың қатарын азайту үшін:

  • Дарк туризм орындарына жолыңыз түсе қалса, қасірет мекеніне келгеніңізді ұмытпаңыз. 
  • Ондай жерде күліп, ойнап, селфи түсірмеңіз.
  • Құрбандардың рухы мен жақындарының сезімін қорлайтын іс-қимылдар жасамауға тырысыңыз. 
  • Дарк туризм орындары жайлы ақпарат таратқанда да, фактілердің растығына көз жеткізіп, этикалық нормалардан аттамаңыз.
Сондай-ақ оқыңыз