Пасха бітімі болмады: Ресей мен Украина бір-бірін келісімді бұзды деп айыптады

Пасха мерекесіне орай Ресей мен Украина президенттері уақытша атысты тоқтату туралы келісімге келген. Бірақ арада аз уақыт өтпей екі тарап бір-бірін шабуылды жалғастырып жатыр деп айыптады.
Украина Президенті Владимир Зеленский телергам-арнасында Кремльдің Пасха мерекесіне орай жарияланған уақытша бітімді бұзғанын хабарлады. Оның айтуынша, Путиннің бастамасымен жарияланған бітімнен кейін ресейлік күштер оны 59 рет бұзып, 5 рет шабуылдаушы әрекет жасаған.
Ол бұл әрекеттерге Украина әскері айна-қатесіз жауап беріп жатқанын атап өтті. Бірақ бұған дейін ұсынғандай бір айға келісімге келу туралы ұсыныс әлі де күшінде екенін атап өтті.
Ал өзін Ресей Федерациясының құрамына кірдік деп жариялаған Херсон облысының губернаторы Владимир Сальдо Украина Қарулы күштері Пасха бітімінен кейін дрондар мен минометтер арқылы шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Сальдоның айтуынша, Херсон облысының бірқатар бейбіт қалаларына шабуыл жасалғанымен, кейбір бағыттарда тыныштық сақталған. Ол Алёшки елді мекеніне FPV-дрондар мен минометтермен шабуыл жасалғанын, Голая Пристаньге дрон-камикадзе арқылы соққы берілгенін және Каховкада кемінде алты мәрте дроннан жарылғыш заттар тасталғанын атап өтті.
Пасха бітімі деген не?
Христиандардың Пасха мерекесіне орай Владимир Путин 19 сәуір күні сағат 18:00-ден бастап 21 сәуір түнгі 00:00-ге дейін атысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Оның айтуынша, бұл шешім Украина тарапынан бейбітшілікке дайындықты тексерудің бір жолы ретінде қарастырылады. Ресей тарапы, егер Украина Қарулы күштері де бітімді сақтаса, атысты тоқтату режимін ұстануға уәде берді.
Украина Президенті Владимир Зеленский Киевтің «айна-қатесіз әрекет ететінін» мәлімдеп, атысты тоқтату немесе оның бұзылуы жағдайында да солай жауап беретінін жеткізді. BBC хабарлауынша, Путиннің мәлімдемесінен кейін бірнеше минут ішінде Украина Қарулы күштеріне атысты тоқтату туралы бұйрық берілген.