Lifestyle

XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» ЮНЕСКО тізіміне енді

Хандар шежіресі / Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» атты бірегей қолжазба ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіліміне енгізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен хабарлады.

Көне құжат – қазақ халқының тарихи жады мен рухани мұрасының құнды айғағы. Министрлік хабарлауынша, ол шежіре осы уақытқа дейін «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінде сақталған.

Жәдігер кітапхана қорына 1964 жылы келген. Оны кітап ордасының сол кездегі қызметкері Е. Байболов атына С.Б.Кулбасинов есімді азамат жолдаған. Өзінің мекенжайын РКФСР, Челябі облысы, Субутах станциясы, Магнитті астық шаруашылығының оңтүстік бөлімі деп көрсеткен.

«Қолжазба жазылған қағаз өзінің көлеміне қарай өлшеніп пішілген: ені 45 сантиметр, ұзындығы үш метрден асатын жұқа тоқылған ақ матаға желімдеп жапсырылған. Екі жағы ұршық басына бекітілген, ұршық сабындай арнайы жасалған ағаш таяқшаға оралған. Мұндай әдіс осындай маңызды құжаттарды, қолжазба нұсқаларды арнайы сақтауға оңтайлы», — деп жазылған министрлік хабарламасында.

Қазақ тарихындағы осы тәрізді құнды жәдігерлер, хандар шежіресі жайлы білгіңіз келсе, танымал тарихшы Сұлтан Әкімбеков арнайы курс бастаған. Бірінші бөлімінде XV ғасырда Жошы ұлысының сол қанаты болған аймақта өңірдің саяси картасы жайлы баяндалады. Толығырақ мына материалдан оқуға болады.