Жамбыл облысында үш бала газдан уланып қайтыс болды

Жамбыл облысында қайғылы оқиға болды. Мерке ауданында үш кішкентай бала газға уланып көз жұмды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай 19 сәуір күні Сарымолдаев ауылында болған. Қайтыс болған балалардың жасы — үш, бес және жеті жаста.
Деректерге сүйенсек, анасы таңертең жұмысқа кетерде балаларын үйде қалдырып, есікті іштен жауып кеткен. Кешке үйге келгенде газдың иісін сезіп, балаларын оята алмаған. Шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер үш баланы да аман алып қала алмады.
Қазір оқиға орнында жергілікті қызметтер мен құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, трагедияның нақты себептері анықталу үстінде.
Бүгін болған қайғылы жағдай бұл ғана емес. Алматыдағы марафон кезінде екі адам қайтыс болды. Дәрігерлердің сөзінше, екі азаматтың өліміне өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін.