IT-мамандарды қысқартып жатқанда, бұл саланы таңдағандар ұтылып қалмай ма

Кейінгі айларда ақпараттық технологиялар индустриясында қызметкерлер көптеп қысқарып жатқаны туралы жаңалық жиі шығып жатыр. Әсіресе, алпауыт IT-компаниялар мыңдаған маманды жұмыстан шығарып жібергенін естіп «енді бұл саланы таңдамау керек деген сөз бе» деп ойланып жүрген талапкер де, ата-ана да көбейді. Олай болса, мұндай қысқарту шараларының неліктен болып жатқанына тоқталып, карьера жасау үшін ақпараттық технологияларды таңдау тақырыбын талдап көрелік.
IT-индустриядағы қысқарту: ауқымы айтарлықтай үлкен бе?
Layoffs.fyi деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың сәуірінде жүздеген технологиялық компаниядан 27 000-нан астам қызметкер қысқарған. Атап айтқанда, қаңтардың өзінде АҚШ-тағы компаниялардан 20 000-ға жуық маман жұмыстан шығарылған. Демек, қысқарғандардың үлесі осы елде елеулі деген сөз.
- Google: 2025 жылдың сәуіріне дейінгі жағдайды қарасақ, Android бағдарламалаумен, Pixel смартфондарын жасаумен, Chrome браузерін әзірлеумен айналысатын жүздеген маман жұмыссыз қалған.
- Microsoft: сәуірде алдағы уақытта менеджерлер мен бағдарламалаумен айналыспайтын қызметкерлерді қысқартамыз деп хабар таратқан. Мұндағы мақсат — команда жұмысын өнімді ету, оңтайландыру депті.
- Dell Technologies: биыл наурызда компания бүкіл қызметкерінің 10%-ын, яки 12 000 маманды қысқартатынын хабарлаған еді. Олар бұл қадамды басты назарды инновацияға қойып, оңтайландыру үшін жасағанын айтқан.
- Autodesk: ақпанда компанияны қайта құрылымдап, жасанды интеллекті дамытуға күш салу үшін 1350 қызметкерді (персоналының 9%-ы) қысқартамын деген еді.
- Workday: ақпанда бүкіл штаттың 8,5%-ын немесе 1750 қызметкерді жұмыстан шығарамыз деп жариялаған. Олар жасанды интеллектіге инвестиция тартуды көздемекші.
Неге жаппай қысқарту жүріп жатыр?
Олай болса, ақпараттық технологиялар индустриясындағы қысқарту шараларына не себеп екенін іздеп көрейік:
- Экономикалық жағдайға байланысты. Қазір пайыз мөлшерлемесі жоғары, инфляция шарықтап жатыр. Сондықтан компаниялар бюджетін қайта қарап, шығынды азайту үшін қысқартуға мәжбүр.
- Нарықта құрылым өзгерген. Пандемиядан кейін көп нәрсе өзгерді. Кей өнімдер мен қызметтерге деген сұраныс азайды. Сондықтан оңтайландыру үшін осындай шара жасап жатыр.
- Автоматизация мен жасанды интеллектіге деген сұраныс көп: Жаңа технологиялар енген кезде бұрын адамдар орындап жүрген көп нәрсе автоматтандырылады. Сондықтан кейін позишн өзекті болмай қалады да, ол қызметкер жұмыстан қысқарады.
- Инвесторлардың тарапынан қысым бар. Акционерлер бірінші кезекте пайда көргісі келеді. Сондықтан табысты арттырып, өнімділікті көбейтуді талап етеді. Сондықтан компаниялар шығынды қысқарту мақсатында қызметкерлер санын да азайтады.
Олай болса, қазір IT-мамандығын таңдауға бола ма?
Қанша жерден қысқарту жүріп жатыр десек те, бұл салада әлеует өте жоғары. Яғни біржақты жауап беруге болмайды. Бастысы, мына нәрселерді естен шығармаңыз:
- Жұмыс орнына бәсеке жоғары болады: Қазір қысқарту көбейіп жатқандықтан, қалған жұмыс орындарында бәсеке қызу. Әсіресе, енді бастаған кезде мықтылығыңызды көрсетуіңіз керек.
- Машықтарға деген талап басқа: Қазір сұраныс көбіне жасанды интеллект, машинаны үйрету, автоматизацияға бағытталған.
- Үздіксіз оқуыңыз керек: Технологиялар қазір жылдам дамиды. Сол қарқынға ілесу үшін білім мен машықты ұдайы дамытып отырмаса болмайды.
Жаһандық тренд және Қазақстандағы ахуал
Айтқандай, жаппай қысқарту мәселесі көбіне АҚШ, Еуропа елдерінде болып жатыр. Бізде ондай қарқын жоқ болғанымен, жаһандық технологиялық нарықтың лебі бізге де тимей қоймасы анық. Тек батыстық сценариймен салыстырғанда, бізде ахуал сәл ғана басқаша болуы мүмкін.
Жаппай қысқарту жоқ десек те, өсім қарқыны әлсіреген
Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығының (QazIT) деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың басында айтарлықтай қысқарту сияқты жағдай онша байқалмаған. Яғни әлемдік нарықпен салыстырғанда бізде ондай қатты қарқын жоқ. Дегенмен сектордың өсімі былтыр 2024 жылы әжептәуір әлсіреген. Мысалы, 2021-2022 жылдары нарық жылына 25-30%-ға ұлғайып отырған болса, 2024 жылы ол шама бар болғаны 10% шамасында болыпты.
Неге олай болып жатыр?
- Ішкі нарықта сұраныс өте шектеулі: Қазақстанда нарық шағын екені белгілі. Сондықтан IT-компаниялардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс не B2B аясында жұмыс істеуге мәжбүр. Ол болса, бюджетті қысқарту ықтималын көбейтеді.
- Жеке ірі инвестор аз: Силикон алқабымен салыстырғанда, Қазақстанда венчурлық капитал да, стартаптарды ұлғайтатын экожүйе де аз. Ол дегеніміз компанияның дамуын тежейді. Штаттың ұлғаймайтын себебі де сол. Оның қажеті шамалы.
- Аутсорсиң көп: Қазір көп компания фрилансерлермен және IT- мердігерлермен уақытқа келісімшарт жасасып жұмыс істегенді қолайлы көреді. Сол арқылы кететін шығынды азайтып отыр.
Қазақстанда IT-дің болашағы бар ма?
Он жерден Қазақстанда IT-саласының дамуы сәл тежеліп қалды десек те, экономиканы жаңартатын басты драйверлердің бірі болып қала береді. Осы саланы болашақ мамандығы ретінде таңдағысы келетіндер мына кеңестерді есте ұстағаны жөн:
- Заманауи технологияларды жақсылап меңгеріп алыңыз. Соның ішінде жасанды интеллект, дата-анализ, DevOps, машинаны үйрету, өнім жасап шығару дегендей;
- Жағдайға қарай тез бейімделе алатын адам болуыңыз керек. Оған қоса, қашықтан істейтін, қысқамерзімді жобаларды жасайтын, аутсорсиңде істей алатын машықты дамытыңыз;
- Ішкі нарықты ғана көздей бермей, фриланс не Upwork, Toptal, Fiverr платформалары арқылы қызметтеріңізді экспорттауды үйреніңіз.
Тобықтай түйін:
Қазақстанда IT-саласы әлі де өзекті. Ол мұндай қарқынды әзірге жоғалта қоймайды. Десек те, стратегия жасап, дамып, оқып, үйреніп отыруыңыз керек. Әйтпесе, бір орында тұрып қалсаңыз, көп ұзамай қысқарған қызметкерлердің қатарынан табылуыңыз әбден мүмкін.
Еске сала кетсек, бұған дейін кейінгі жылдары жасанды интеллектінің әсерінен біраз саланың маманы «Жұмыссыз қалмаймын ба?» деп уайымдап, AI-nxiety яки AI-мазасыздық кешіп жүргенін және осы ахуалды қалай жеңуге болатынын жазған едік.