Жаңалықтар

«Хуторский» атымен белгілі Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу аяқталды

Хасан Қасымбаев
Хуторский Хасан ісі сотқа жолданды/фото Хасан Қасымбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Алматы облысында «Хуторский» тобының басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Ақпаратты KursivMedia тілшісіне облыс полициясының баспасөз қызметі растады.

Жергілікті полиция тергеудің аяқталып, істің сотқа жолданғанын мәлімдеді. Ал облыс сотының баспасөз қызметі істің сотқа түспегенін жеткізді.

Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Қасымбаев қамауға алынды. Сол кезде Хасан Қасымбаевтың туған ағасы Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып отырғаны белгілі болды.

2025 жылдың қаңтарында оның қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша күдікке ілінгені айтылды: адам ұрлау, бопсалау және денсаулыққа зиян келтіру.

2025 жылдың сәуірінде Шерзат Полаттың қазасына байланысты сот басталды. Марқұмның әкесі сот отырысы кезінде бірнеше рет «Хуторский» тобы туралы айтты. Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, сотталушылардың бірі сол күні өзін «хуторский» деп таныстырған.

«…Дүкенге Нұрбол келді, көлікте кәмелетке толмаған жас жігіт болды. Көліктен шығып «кім?» деп сұрады. Балаға ашуланып кетпесін деп, «мен соқтым» дедім. «Танымайсыңдар ма, мен Нұрболмын, хуторскиймін, біз Хутордің жігіттеріміз» деді. Нұрбол мас екен. Дархан жетім бала ғой, неге жетім баланы ұрасыңдар деп айтты. Ұстап алып, оны ешкім ұрған жоқ», – деді Нұрымов.