Lifestyle

Астанада қандай марафондар өтеді

марафон
Астанада қандай марафон өтеді/ фото: samrukmarathon.kz

Көктемде астаналықтар мен қала қонақтары бірнеше қайырымдылық марафонына қатыса алады. Спорт іс-шарасы аптаның сенбі немесе жексенбісіне жоспарланған. Бұл тізімде күндіз және түнде қатысуға болатын марафон, қайырымдылық жүгірісі бар. KursivMedia марафондардың қай жерде өтетінін және қанша жарна төлеу қажет екенін жинақтады.

Run for Autism

2025 жылдың 26 сәуірінде Астанада Run for Autism марафоны өтеді. Бұл – аутизм диагнозы қойылған азаматтарға қолдау көрсету және Аутизм туралы дүниежүзілік ақпараттандыру күні аясында өтетін қайырымдылық жарысы. Биыл марафон Ботаникалық бақта өтеді. Қатысу үшін тіркелу 23 сәуірге дейін жалғасады.

Бұл марафон ең алғаш 2023 жылы өткен. Оған мыңнан аса адам қатысып, 7 млн теңге қайырымдылық қоры жиналған.

Марафонды ұйымдастырушы – «Болашақ» корпоративтік қоры.

Қайырымдылық жарысында 4 түрлі қашықтық бар және әрқайсысына қатысу құны әртүрлі. Мысалы:

1 шақырым – 6990 теңге;

2,5 шақырым – 7990 теңге;

5 шақырым – 8990 теңге;

10 шақырым – 9990 теңге.

Жарысқа денсаулығы таңдаған қашықтықты жүгіріп өтуге жарайтын 12 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Жарыс ережесінде «ұйымдастырушылар және жарысты ұйымдастыруға қатысы бар азаматтар қатысушылардың денсаулығына жауапкершілік алмайды» деп жазылған. Ал жарыс барысында қажет болған жағдайда медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді.

Жарыс қатысушыларынан жиналған қаражат инклюзивті білім беру, аутизмі бар балаларды қолдауға, «Әрбір бала мектепке лайық» жобасына жұмсалады.

Айта кетейік, Run for Autism қайырымдылық жарысы 26 сәуір 9:00-де басталады. Алайда қатысушылар таңғы 8-ден бастап жиналуға тиіс. Іс-шара 11:30 шамасында аяқталады деп жоспарланған.

Жарысқа мына жерде тіркелуге болады.

III Chrity Samruk Marathon

3 мамырда «бір команда – ортақ жеңіс» ұранымен Астананың Ботаникалық бағында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының марафоны өтеді.

Бұл іс-шара да қайырымдылыққа бағытталған.

«Бұл – қайырымдылық пен адамгершіліктің белгісі, әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру тәсілі, қолдауға мұқтаж жандарға көмек қолын созу мүмкіндігі», деп көрсетіген ресми сайтта.

Компаниялар тобы марафонды 2023 жылдан бастап өткізіп келеді. Басты мақсат – ерекше қажеттіліктері бар балалардың жалпы білім беретін мектептерде оқи алуына жағдай жасау.

2024 жылы қайырымдылық марафонына 1 200-ден астам адам қатысты, ал жиналған қаражат 127 миллион теңгені құрады. Бұл қаражат есебінен 2024 жылы инклюзияны қолдайтын бес кабинет ашылды. Соның арқасында 150-ден астам ерекше бала күн сайын мектепке бара алатын мүмкіндікке ие болған.

Биылғы жоспар – 3 мың адамды қамту.  Ал жиналған қаражатқа елордадағы 10 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады.

Мұнда екі қашықтық бар – 5 және 10 шақырым, қатысу құны – 10 мың теңге.

Жас санаты 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60+ деп бөлінген.

Айта кетейік, марафонға тек 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады .

«Егер сіз жарысқа дейінгі бір күн ішінде алкоголь тұтынған болсаңыз, марафонға қатысуға рұқсат етілмейді», делінген ақпаратта.

Есте сақтайтын тағы бір жайт: азамат тіркеліп, бірақ марафонға қатыспайтын болса, төленген қаражат қайтарылмайды.

NIGTH RUN 2025

Астана тұрғындары мен қонақтары түнгі уақытта да жүгіруге қатыса алады. Биыл бұл іс-шара 2025 жылдың 17 мамырына жоспарланған.

Астананың Триатлон паркінде өтетін жүгірісте 3 түрлі қашықтық бар және қатысу бағасы да әртүрлі. Олар:

3 шақырым – 13 000 теңге;

5 шақырым – 15 000 теңге;

10 шақырым  – 18 000 теңге.

Тіркеу жарнасы құнына финишер медалі, фирмалық рюкзак, фонарик, жүгіру белбеуі, чипі бар қатысушының нөмірі, су кіреді.

Түнгі жүгіруге 15 жасқан азаматтар ғана қатыса алады. Қазірге дейін 76 адам тіркелген, олардың тізімі әр 5 минут сайын жаңарады деп көрсетілген.

Жарысты ұйымдастырушы – «Limitless» жеке кәсіпкерлігі. Жүгіру туралы толық ақпарат globalsport.kz сайтында жарияланған. Соған сәйкес, қатысушылар саны 300 адамнан аспайды.

BI Marathon 2025

Астанада өтетін қайырымдылыққа бағытталған тағы бір марафон BI Group Marathon. Марафон 2025 жылдың 18 мамырында таңғы 06:00-12:00 арасында өтеді.

«Ерекше балаларды оңалту жобасын қолдағыңыз келсе, бізге қосылыңыз. Марафонға қатысу арқылы – тек жүлделі орынға бақ сынап қана қоймай, біздің көмегімізге мұқтаж жандарға қол үшін созып игі істің жанашыры боласыз», – делінген ресми сайттағы ақпаратта.

Осылайша марафоннан түскен барлық қаражат «Жұлдызай» қайырымдылық қорын қолдауға бағытталатыны айтылған.

Бұл марафонда да 4 қашықтық бар, бірақ қатысу құны бәрінде бір – 10 000 теңге. Қашықтықтар:

400 метр;

1 шақырым;

10 шақырым;

21,1 шақырым (жартылай марафон).

Марафон бағдарламасына сәйкес, қатысушылар 6:00-ден бастап жиналады. Бірінші болып сөреге 21,1 шақырым жүгіретіндер шығады. Ол 7:00-ге жоспарланған. 7:30 кезінде 10 шақырым жүгіретіндер бастайды, 12:00-де балалар жарысы басталады.

MNU Marathon 2025

Астанадағы Maqsut Narikbayev University бірнеше жылдан бері қайырымдылық марафонын өткізіп келеді. Жиналған қаражат ем қабылдап жатқан студентке жұмсалады.

«Биылғы марафон Жоғары құқық мектебінің 1-курс студенті Ерсұлтан Бөрібекке арналмақ. Ол үш айдан бері ем қабылдап келеді. 2023 жылы өткен Run for Sabina жүгіруінің арқасында Сабина университетке оралып, оқуын жалғастырды. 2024 жылы Run for Yeldar аясында Ельдарға көмек көрсетілді. Ол қазір оңалту курсынан өтіп жатыр және бір айдан кейін заңгер дипломын алмақ.», делінген сайтта жарияланған ақпаратта.

Жүгіру 24 мамыр сағат 07:30-да Астана қаласындағы Триатлон паркінде өтеді. Қатысушылар мына қашықтықтардың бірін таңдай алады: 400 метр (балалар эстафетасы), 3 км, 5 км, 10 км. Марафонға қатысу құны балалар үшін 5 000 теңге, ересектер үшін 7 000 теңге.

Жобаның ресми серіктесі – Астана қаласының триатлон федерациясы, бас демеуші – The Akan Building.

Марафонға сілтеме арқылы тіркеле аласыз.

Astana half marathon 2025

2025 жылдың 1 маусымында Астанада Astana half marathon 2025 марафоны өтеді. Мұнда 10 шақырым, 21 шақырым 95,5 метр және 10 шақырымға скандинавиялық жүріс қашықтығы бар. Қатысу жарнасы – 16 000 теңге. Қатысушылар жасы 15‑17, 18‑34, 35‑39, 40‑49, 50‑59, 60‑69, 70+ деп бөлінген.

Қатысушылар 10 шақырымды 2 сағатта жүгіріп өте алады. Қатысу жарнасы – 16 000 теңге.

Ал 21 км 97,5 метрді 3 сағат ішінде жүгіріп өтуге тиіс. Қатысу жарнасы – 16 000 теңге.

Скандинавиялық жүріс (10 км) үшін 2 сағат берілген. Қатысу жарнасы – 14 000 теңге.

21 км 97,5 метр эстафетасына да 3 сағат берілген, командада 4 адам болады, құны – 160 000 теңге. Экиден командалық эстафетасына қатысу үшін команда құрамында кем дегенде бір әйелдің болуы керек.

«Astana Half Marathon AIMS Халықаралық жарыстар мен жүгірулер қауымдастығына кіреді, ал оның жолдары World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған», – делінген ресми ақпаратта.

Марафон Тәуелсіздік алаңында өтеді. Тіркелу 18 мамырда аяқталады.

Алматыдағы қайғылы жағдай

2025 жылдың 20 сәуірінде Алматыда өткен Almaty Half Marathon марафон кезінде екі қазақстандық көз жұмды. Екі қайғылы оқиға бір сағат ішінде болған. Бұл жарысқа 40-тан астам елден 10 мыңға жуық адам тіркелген. Бағдарламада әдеттегідей жартылай марафон (21,1 км), 10 км қашықтығы, скандинавиялық жүріс және командалық эстафета бар.

«Almaty Half Marathon барысында екі қатысушы — 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади қайтыс болды. Екеуі де жартылай марафон (21,1 км) қашықтығын жүгіріп өтіп жатқан және жарысқа тұрақты түрде қатысып жүрген жандар», – делінген ақпаратта.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Рсалиев жүгірудің бірінші шақырымында құлаған. Медициналық қызметкерлер жедел жеткенімен, 84 жастағы ер адамның жүрек соғысы тіркелмеген. Шамамен бір сағаттан кейін 21 жастағы Нұрбол Ахмади есінен танып қалған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі азаматтың өліміне өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. 

Осы жағдайдан кейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтты.

Министрдің айтуынша, оқиғаға байланысты толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр. Сараптама барысында қатысушылардың денсаулығы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты қарастырылады.