Lifestyle

Дженнифер Лопестің концерті өтетін «Астана аренада» жөндеу жүргізілмейді

Астана арена
Дженнифер Лопестің концерті өтеді/ Reuters/Mario Anzuoni

Дженнифер Лопестің концерті өтетін «Астана аренада» қосымша жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Бұл туралы Астана қаласы ішкі саясат басқармасы KursivMedia ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Айта кетейік, концерт 2025 жылдың 1 тамызында өтеді. Ал «Астана аренада» 2024 жылы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тұсында жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Әншінің концертін ұйымдастыруға «Астана Концерт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Сол себепті әкімдік бұған араласпайтынын жеткізді.

Ал «Астана Арена» стадионындағы отыратын орындар 30 мың адамға лайықталған.

«Қазір «Астана Арена» стадионы нысанында барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қосымша жұмыстар жоспарланбаған», – деп мәлімдеді басқарма.

Айта кетейік, бұған дейін Дженнифер Лопестің концертіне стадионды дайындауға 6 күн кететіні айтылды.

Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу «Астана Аренада» өтеді. Америкалық жұлдыздың әлемдік турында 17 қала көрсетілген. Ол 1 шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында басталып, Астана мен Ереванда аяқталады. Бұған қоса, JLo Кадис, Малага, Мадрид, Барселона, Варшава, Будапешт және Бухарест қалаларында концерт өткізеді. 

Бұған дейін Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов концерт ойдағыдай өтсе, ел бюджетіне 400 млн теңге шамасында салық түседі деп мәлімдеді.  

Сондай-ақ Дженнифер Лопестің концертіне билеттер небәрі 4 сағат 30 минут ішінде толығымен сатылып кетті. Билет сатылымы 11:00-де басталып, 15:30-да аяқталды.