Жаңалықтар

Болмашы берешекке бола шотты бұғаттайтын сот орындаушыларына шағымдануға болады

Болмашы берешекке бола шотты бұғаттайтын сот орындаушыларына шағымдануға болады
Болмашы берешекке бола шотты бұғаттайтын сот орындаушыларына шағымдануға болады/Фото: Gov.kz

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтен неліктен сот орындаушылар болмашы берешекке бола бірден шотты бұғаттап тастайтыны туралы сұрады.

Сот орындаушылар көп жағдайда сома мөлшеріне қарамастан, берешегі бар азаматтарды қарызы туралы ескертпестен, олардың шоттарын бір сәтте бұғаттап тастайды. Ал шотты бұғаттан шығару кейде апталап уақыт алады. Министрден осындай әрекеттер қаншалықты дұрыс екенін, сот орындаушылар борышкермен неге хабарласпайтынын сұрады.

Министр сұраққа тікелей жауап бермеді. Ол осындай жағдайлардың алдын алу үшін бүгінгі таңда цифрлық платформа әзірленіп жатқанын жеткізді. Ол жерде борышкер сот орындаушы тарапынан жасалып жатқан барлық әрекетті бақылап, көріп отыра алатынын, заңға қайшы әрекет жасалса дереу шағымдануға мүмкіндігі барын атап өтті.

Сәрсембаев осы арқылы қарызды өндіру ісі ашық болатынын, бұл сот орындаушылардың заң бойынша ғана әрекет етуін қамтамасыз етуге жол ашылатынын айтты.

Оның сөзінше, заңға қайшы әрекет жасайтын сот орындаушыларға тәртіптік, әкімшілік, қылмыстыққа дейінгі жауапкершілік көзделген.

Әділет министрлігі бұған дейін, мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін өндіріп алу сомасына байланысты жеке сот орындаушы қызметіне ақы төлеу мөлшерлемесін төмендетуді ұсынған.