Bereke Bank-ті сатып алған қатарлық инвестор кірісін 41 пайызға арттырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Bereke Bank-ті сатып алған қатарлық инвестор кірісін 41 пайызға арттырды
Lesha Bank табысын арттырды / Фото: shutterstock.

Bereke Bank-ті сатып алған қатарлық инвестор – Lesha Bank LLC табысын 1,5 есе арттырды. 2025 жылдың 31 наурызында аяқталған бірінші тоқсанда банк 40,5 миллион Қатар риалына (11,1 млн АҚШ доллары) тең таза пайда тапқан. Бұл былтырғы І тоқсанмен салыстырғанда 41 пайызға артық.

Банк басқаруындағы жалпы актив көлемі 10,7 млрд риалға жетіп, бір жыл ішінде 67%-ға артқан. Жалпы инвестиция көлемі 28%-ға өсіп, 3,7 млрд риалды құрады.

Қаржы шығындарын шегергендегі табыс 71,6 млн риалды құрап, былтырмен салыстырғанда 17%-ға жоғары болды. Банктің меншікті капиталы 1,33 млрд риалға жетіп, 7%-ға өсті. Бір акцияға шаққандағы баланстық құн – 1,19 риал, ал жылдық есептелген пайда – 0,144 риал. Меншікті капитал рентабельділігі – 12,09%, активтер рентабельділігі – 2,34% құраған.

Бірінші тоқсанда банк Эдинбург әуежайына жанама үлес сатып алу арқылы авиация портфелін кеңейтіп, төрт Airbus A350-1000 ұшағын иеленген. Lesha Bank 2025 жылы Forbes Middle East басылымының «Таяу Шығыстағы үздік 40 активтерді басқарушы» тізіміне енді.

«Сбербанктің» Қазақстандағы бұрынғы еншілес ұйымы 2022 жылдың наурыз айында АҚШ санкцияларына іліккен. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей Сбербанкі еншілес ұйымын «Байтерек» ұлттық холдингіне сатты. Осы мәміледен кейін қаржы ұйымы атауын Bereke Bank деп өзгертті. OFAC 2023 жылдың наурызында Bereke Bank-ті санция салынған тұлғалар тізімінен (SDN) және салалық санкциялар тізімінен (SSI) алып тастады.  

«Бәйтерек» басқарушы холдингі Bereke Bank-ті қатарлық инвесторға 2024 жылы қазанда сатты.  Банкті жаңа акционері 65 млрд теңгеге сатып алған.

Lesha Bank бас директоры Мохаммед Исмаил Әл-Эмади Bereke Bank-тің капиталын ұлғайтып, сатуымыз мүмкін деп мәлімдеді.

Kursiv.Media редакциясы Bereke Bank-ке сұрау жолдап, Lesha Bank-тің қазақстандық активін болашақта сатуды жоспарлап отыр ма деген сұраққа жауап алуға тырысқан. Бірақ банк бұған қатысты әзірге ресми мәлімедеме жасамады.

Сондай-ақ оқыңыз