Жаңалықтар

Шағын және орта бизнес ахуалы: өндіріс баяулап, шығын өсті

Қазақстандаға шағын және ортабизнестің ахуалы қандай / Фото: shutterstock

Қазақстандағы шағын және орта бизнеске (ШОБ) қатысты ахуал нашарлап бара жатыр. United Research Technologies Group (URTG) жүргізген зерттеу осы салада іскерлік белсенділігі төмендеп, белгісіздік пен шығын қысымы күшейгенін көрсетті. Сауалнамаға сауда, қызмет көрсету, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы 500 компания қатысқан.

Бизнес-барьерлер индексі күрт нашарлады

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, елдегі ШОБ өкілдері іскерлік белсенділіктің төмендегенін, белгісіздіктің артқанын және макроэкономикалық, реттеуші факторлар тарапынан қысымның күшейгенін айтып отыр.

Ең үлкен өзгеріс Бизнес-барьерлер индексінде (ББИ) тіркелді. Бұл индекс соңғы тоқсанда 2,7 есе өсіп, 151,7 пунктке жетіп, зерттеу қолға алынғалы бері антирекорд орнатты. Бұған дейін, яғни өткен тоқсанда, бұл көрсеткіш бар болғаны 56,8 пунктті құраған болатын. Мұндай секіріс кәсіпкерлік ортадағы жағдайдың нашарлағанын айқын көрсетеді.

ББИ өзге индекстерден әдістемесімен ерекшеленеді: бұл индекс өскен сайын жағдай нашарлап жатыр дегенді білдіреді.

Негізгі кедергілер – экономикалық саясат пен қаржылық қиындық

Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер экономикалық саясаттағы белгісіздікті (салықтыің артуы, мемлекеттік шығындар, Ұлттық банктің саясаты және т.б.) ең үлкен кедергі ретінде атаған — бұл көрсеткіш бір тоқсанда 4 есе өсіп, 35,3%-ға жетті.

Одан кейін бизнесті дамытуға қаржының аздығы (29,6%) мен сұраныстың төмендеуі (26,1%) кедергі болып отыр.

Сатылым мен жұмыс орындарының азаюы іскерлік көңіл күйге кері әсер етті

Іскерлік көңіл-күй индексінің (ІККИ) төмендеуіне негізінен сатылым субиндексінің бір тоқсанда 10,3 пунктке құлдырауы әсер етті. Бұл жағдай компаниялардың басым бөлігіне ортақ. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу көрсеткіші де азайды.

Ал «инвестиция» мен «несие» компоненттері кәсіпкерлердің негізгі мақсаттарының бірі – ағымдағы шығындарды жабуға қажет қаржыны табу екенін көрсетеді. Бұл – өтімділік дағдарысының күшейіп жатқанын білдіреді.

Өндіріс баяулап, шығын өсті

Іскерлік белсенділік индекстері де төмендеген. Өнім мен қызмет көлемінің өсу қарқыны бәсеңдегенімен, қор көлемі көбейіп отыр. Бұл – сұраныс төмендегенінің тікелей белгісі. Сонымен бірге, МСБ өкілдерінің басым бөлігі шығындардың күрт өскенін атап өтті. Сауда және қызмет көрсету салалары бұл шығындарды тұтынушыларға жүктей алғанымен, өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында мұндай мүмкіндік болмады.

Соңғы жылдары Қазақстандағы бизнес-ландшафт айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, кәсіпорындардың ашылуы мен банкротқа ұшырауы арасында елеулі динамика байқалған. 2024 жылы 31 мыңнан астам кәсіпорын банкрот болды.