Мұсылмандарға пасха тағамдарын жеуге бола ма

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Пасха и куличи в Алматы
Мұсылмандарға пасха тағамдарын жеуге бола ма / фото: kursiv

Христиан дініндегі Пасха мейрамына байланысты дайындалатын тәтті нан мен боялған жұмыртқа секілді тағамдарды мұсылмандарға жеуге бола ма? Бұл сұрақ әлеуметтік желі мен күнделікті өмірде жиі кездесіп жүр. Осыған байланысты Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі арнайы түсініктеме берді.

ҚМДБ мәліметінше, Құран Кәрімде Кітап иелерінің (яғни христиан мен яһудилердің) тамақтары мұсылмандар үшін адал екені айтылған. Бұл туралы «Мәида» сүресінің 5-аятында:

«Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің тамағы сендер үшін халал, ал сендердің тамақтарың оларға халал», – делінген.

Сондай-ақ, Құранда харам етілгендер айқын атап көрсетілген:

«Расында сендерге арам етілді: өлекселер, қан, доңыз еті және Алладан басқаға арнап шалынғандар…» (Бақара сүресі, 173-аят).

Яғни, доңыз еті мен Алла аты аталмай шалынған мал еті – арам. Ал жұмыртқа мен тәтті нан шариғатта өзі адал тағамдар санатына жатады.

ҚМДБ мәліметінше, жұмыртқа мен тәтті нан жеудің үкімі – оны тұтыну діни сеніммен немесе сол мейрамды ұлықтау мақсатында болмаса, рұқсат етіледі. Өйткені бұл тағамдардың өзі шариғи тұрғыдан адал. Тек ниет пен мақсат айқын болуы шарт.

Сонымен қатар, мұсылман кісінің өзге дін өкілдерінің діни ғұрпына еліктеуден аулақ болғаны жөн, себебі исламда бөтен діндердің белгілерін ұстануға тыйым салынған. Алайда жәй тағам түрінде ұсынылса, және діни ниет болмаса — жеуге болады.

Еске сала кетейік, 20 сәуір күні Астанада пасха мейрамына орай тұрғындар бір-бірімен бауырсақ пен жұмыртқа алмасты.

Сондай-ақ оқыңыз