
TikTok платформасы биыл үшінші жыл қатарынан өткізілген #Наурыз2025 онлайн-фестивалінің қорытындысын жариялады. Бұл жолы жоба ауқымы бұрынғыдан да кең болды: қазақстандықтар екі апта ішінде Наурыз мерекесіне арналған 25 мыңнан астам бейнеролик түсіріп, жалпы саны үш жылда 180 мың видеоға жетті.
Фестивальдің ресми серіктестері қатарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism», Visit Shymkent, Алматы туризм бюросы және Astana Tourism орталығы бар. Сондай-ақ 24 жоғары оқу орны белсенді атсалысты.
TikTok-тағы ұлттық рух: домбыра, кимешек және көже
Платформада ұлттық тағамдар, ән мен би, сән мен қолданбалы өнерге арналған контент көптеп жарияланды. Белгілі креаторлар — Жақсы есімді домбырашы, аспаз Сания, саяхатшы Асет және білім беру жобаларының қатысушылары өз парақшаларында мерекеге арналған ерекше видеолар ұсынды.
Қалалардағы интерактив: Астана, Алматы, Шымкент
TikTok алғаш рет үш ірі қалада арнайы мерекелік аймақтар ұйымдастырып, қолданушылар үшін интерактив кеңістік жасады. Бұл орындар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Киім мен өнерге жаңа көзқарас
Қолданушылар ұлттық киімді заманауи стильмен ұштастырып, беттеріне ою-өрнекпен макияж жасап, сән мен дәстүрді үйлестірді. Мерекеге арналған киіз үй, кілем, сурет сынды шығармашылық туындылар да кеңінен көрсетілді.
Almaty Management University, Narxoz University, Nazarbayev University және Zhanibekov University студенттері концерттер, қойылымдар, шеберлік сабақтары арқылы Наурызды ерекше атап өтті.
«Kazakh Tourism» басшысы Қайрат Садвақасов шетелдік туристердің ұлттық мұраға қызығушылығы артып келе жатқанын жеткізді.
Ал TikTok-тың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша операциялық бөлімінің басшысы Мелис Чаглар:
«Соңғы үш жылда TikTok қолданушылары Наурызды әлемге паш етіп, 180 мың видео түсірді. Біз бұл шығармашылық рухты қолдап, ұлттық мәдениетті одан әрі насихаттай береміз» – деді.