Жаңалықтар

Ақтау қалалық сотының төрағасы 18 млн теңге пара алғаны үшін 9 жылға сотталды

Ақтау қалалық сотының төрағасы 18 млн теңге көлемінде пара талап еткені үшін сотталды / Фото: kursiv.media

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының төрағасы Б.Ж.Шайдуллин 9 жылға сотталды. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Ақтау қалалық судьясы Б.Ж.Шайдуллин сотталушыны түрмеге қамаудан сақтап қалып, жеңіл жаза беруге уәде еткен. Сот төрағасы жеке сот орындаушысымен бірлесіп жұмыс жүргізген. Олар сотталушыдан 18 млн теңге көлемінде қаражат талап еткен. Алайда агенттік қызметкерлері сот төрағасын пара алған кезінде ұстаған.

«Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Ақтау қалалық сотының төрағасы Б.Ж.Шайдуллин 9 жылға және жеке сот орындаушысы Р.М.Жанахметов 8 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Екеуі де заңсыз сыйақы алу жолымен алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылған. Сонымен бірге Шайдуллин мен Жанахметов өмір бойына мемлекеттік қызмет атқара алмайды.

Айта кетейік, осыған дейін Бас прокуратураның баспасөз қызметі бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жіберілгенін хабарлаған болатын. Ол алаяқтық жолмен азаматтарды 1 млрд теңгеге алдады деп айыпталып отыр.