Жылыту маусымын дұрыс жүргізбесе, әкімдіктерге 6 млн теңгеге дейін айыппұл салынады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жылыту маусымын дұрыс жүргізбегені үшін жауапкершілік артады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Жылыту маусымын дұрыс жүргізбеген әкімдіктерге 6 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

«Жылумен жабдықтау саласын мемлекеттік реттеу және бақылау жүйесіне кешенді өзгерістер енгізілді. Үкімет салаға жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып іс-шараларды күшейтті», – делінген палата хабарламасында.

Бұл өзгерістер апаттық жағдайлар тәуекелін арттырып, жылу-энергетикалық кешеннің дамуын тежейтін жағымсыз жағдайлардың алдын алуға жол ашады.

 Бірінші кезекте жылу желілері мен орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қатысты бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан ҚР Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне берілген.

Айыппұл көлемі

Екіншіден, жылыту кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін әкімшілік жауапкершілік артқан. Жылыту маусымы кезінде қателік жіберген әкімдіктерге мынадай айыппұл қарастырылған:

  • жөндеу жұмыстарын бұзғаны үшін 50 АЕК (196600);
  • қысқы кезеңде отынның нормативтік қорын сақтамағаны үшін 1 000 АЕК (3 932 000);
  • дайындық паспортын уақтылы алмағаны үшін 300 АЕК-тен 1 500 АЕК-ке дейін ұлғаяды (1 179 600-5 898 000)

«Бұл құжаттың мәртебесін және жалпы күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындықты айтарлықтай арттырады, Қабылданған шаралар жылу-энергетикалық кешеніндегі авариялық жағдайлардың ықтималдығын азайтуға, азаматтар мен бизнес үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ саланың ашықтығын арттыруға бағытталған», – делінген баспасөз хабарламасында.

Ал жылыту кезеңінің тұрақты өтуі үшін жауаптылық өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларына жүктеледі.

 

Сондай-ақ оқыңыз