Жаңалықтар

Алматыда үш қаржы пирамидасы жойылып, 3,8 млн доллар қаражаты тәркіленді

Алматыда «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржы пирамидалары жойылды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыда «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржы пирамидалары жойылып, 3,8 млн доллар қаражаты тәркіленді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

«ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржылық пирамидаларының қызметін тоқтатты», – делінген баспасөз хабарламасында.

Қаржы пирамидалары қандай схемамен жұмыс істеген?

Бұл қаржы пирамидалары өз салымшыларына трейлерлерді көру арқылы жоғары пайда табуға уәде еткен. Солайша бұл жобаларға инвестиция салуға көндірген. Қаржы пирамидасының схемасы 9 деңгейден тұрған. Қатысушылар жобаға қатысу үшін USDT криптовалютасында 225 мың теңге төлеуі керек болған.

Мәселен, «Warner Bros» жобасы бойынша салымшылар арнайы қосымшаға тіркелген. Олар қаржы пирамидалары ұсынған трейлерлерді көруге мүмкіндік алу үшін белгіленген сомаға криптовалютада ақы төлеген. Оларға трейлер көргені үшін және жаңа салымшылар шақырғаны үшін сыйақы тағайындалып отырған.

Тергеу барысында агнеттік салымшылардан жиналған қаражатты транзит жасау үшін криптовалюталық әмияндар қолданылып келгенін анықтады.

Нәтижесінде сот санкциясымен аталмыш қаржы пирамидаларының 3,8 млн USDT көлемінде криптоактивтеріне тыйым салынған.

Еске сала кетсек, 11 сәуір күні Қызылордада Qnet қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына сот үкімі шықты. Ұйымдастырушылар 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, олардан 301 млн теңгенің мүлкі тәркіленді.