Жаңалықтар

23 сәуірде Алматы қаласының кейбір аудандарында су болмайды

Алматы қаласының әлеуметтік нысандарына су автоцистерналармен жеткізілмек/фото: KursivMedia мұрағаты
Алматы қаласының әлеуметтік нысандарына су автоцистерналармен жеткізілмек/фото: KursivMedia мұрағаты

Алматы қаласының кейбір аудандарында су беру уақытша тоқтатылады. Алмалы және Жетісу аудандарында бір күнге суық су болмайды.

«Алматы Су» мекемесінің хабарлауынша, 23 сәуір күні су құбыры желілерінде жоспарлы жұмыстар жүргізілмек. Сондықтан  осы күні сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін келесі аумақтарда суық су беру уақытша тоқтатылмақ.

Қай көшелерде су болмайды?

Нақты айтқанда, Алмалы ауданының Райымбек даңғылы – Назарбаев даңғылы – Макатаев көшесі – Сейфуллин даңғылы шеңберінде су тоқтатылады. Ал Жетісу ауданындағы Райымбек даңғылы – Сейфуллин даңғылы – Рысқұлов даңғылы –Уссурийская көшесі шеңберінде суық су болмайды.

Онда қандай мекемелер бар?

Бұл аймақтан бірнеше білім беру мекемелері орналасқан. Атап айтқанда, №147 гимназия-мектебі, №90 лицей-мектебі,  №57, №43 мектептері, «Көгілдір желкен» мектебі бар. Сонымен қатар, №30, №63 балабақшалар да сусыз қалады.

Су автоцистернамен әкелінбек

«Алматы Судың» ақпаратына қарағанда, бұл шектеу технологиялық жабдықты – жабу арматурасын ауыстыруға байланысты енгізілмек. Алматы қаласының кейбір аудандарындағы әлеуметтік нысандарға су автоцистерналармен жеткізіледі.

«Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – деді мекеме.

Мұның алдында Алматының Райымбек даңғылындағы BRT жобасының 2025 жылдың соңында аяқталатыны туралы жазған едік.