Жаңалықтар

Қара нәсілді немесе азиялық: келесі Рим папасы кім болады?

Келесі Рим папасы азиялық немесе африкалық болуы ғажап емес./фото: REUTERS
Келесі Рим папасы азиялық немесе африкалық болуы ғажап емес./фото: REUTERS

«Келесі Рим папасы кім болады?» деген сауал Папа Франциск қазасынан кейін туындайтыны анық. Кейбір БАҚ-тар үміткерлердің тізімін жасаған.

Telegraph ақпаратына қарағанда, келесі Рим папасы азиялық немесе африкалық адам болуы да ғажап емес.

Теория бойынша, кез келген шоқынған католик ер адам Папа бола алады.  Бірақ іс жүзінде бұл лауазымға конклав кезінде жиналатын кардиналдар ішінен таңдалады.

2013 жылы Папа Бенедикт XVI қызметінен кеткенде, Аргентинадан шыққан Хорхе Марио Бергольоның (Папа Франциск) таңдалуын ешкім күтпеген еді. Бұл жолы да айқын үміткерлер жоқ. Дегенмен Ватиканда бірнеше ықтимал кандидаттың есімі аталып жүр.

Кардинал Луис Антонио Тагле, 67 жаста – Филиппиннен шыққан, либерал көзқарастарымен танымал. «Азиялық Франциск» деп аталады. Бұрын Папа Франциск оны мұрагері ретінде қарастырған. Келесі Рим папасы азиялық болса, таңқалудың қажеті жоқ.

Кардинал Питер Тарксон, 76 жаста – Ганадан шыққан, әлеуметтік әділет пен климат мәселелері бойынша кеңесші болған. Ол Папа болса, тарихтағы алғашқы қара нәсілді Папа болмақ.

Кардинал Петер Ердо, 72 жаста – Венгриядан шыққан. Консервативтік бағытты ұстанатын заңгер. Францисктің бағытына ашық қарсы шықпағанымен, шіркеудің дәстүрлі қағидаларын жақтайды.

Кардинал Пьетро Паролин, 70 жаста – Ватиканның Мемлекеттік хатшысы (премьер-министр тәрізді қызмет). Қабілетті дипломат ретінде белгілі. Бірақ Ватиканның жылжымайтын мүлік дауына байланысты сыни көзқарастар бар.

Басқа ықтимал үміткерлер: Кардинал Жозе Толентино де Мендонка (Португалия) және Кардинал Маттео Цуппи (Италия) – екеуі де либерал бағыттағы қайраткерлер.

Бүгін, 21 сәуірде Рим папасы Франциск қайтыс болды. Ол 88 жасында өз резиденциясы – Каса-Санта-Мартада көз жұмды.