
Tik-tok арқылы дем салатын емші әлеуметтік желіде көпшілікті таңырқатып жатыр. «Суф» деп ауа үрлеп, адамдардың ауруын басып тастайды.
Оның есімі – Омарбек Балтабаев . Өзін «емші» әрі «қоғам қайраткері» деп таныстырады.
Емшінің қандай қасиеттері
Өзінің айтуынша, ол адамдарды онлайн және оффлайн да емдей беретін көрінеді. Ол Құран аяттарымен дем салады. Диагностика жасай алады. Отбасындағы мәселелерді реттеп, адамдардың «жолын» ашады. Дуаны қайтарып, үйді аластайды. Ішімдікке жақын адамдарды арақты да қойдырады екен.
Tik-tok арқылы дем салатын емші Омарбек Балтабаев дем салып, адамдарды бір сәтте ауруын басып тастағанын көрсетіп, бейнежазбаларын әлеуметтік желіге жүктейді.
«Сүф» деп секунд ішінде емдеу
Бір жас жігіт қабырғасының ұзақ уақыт ауыратынын айтып, дертінен жазылғысы келетінін сұраған. Екінші бір әйел протрузиясы барын айтып, шағымданады. Бір сөзбен айтқанда, ауыратын жерлерін айтып көп адам Tik-tok арқылы емшіге шығып жатыр. Омарбек Балтабаев дәрігерлер секілді түрлі сараптама тапсыртып, дәрі-дәрмек жазып бермейді. Тек қана Құран аяттарын айтып, «сүф» деп бірнеше секунд ішінде «жазып» беріп жатыр.
Бір қызығы, оған тек қана қазақстандықтар ғана емес, қырғыз, қарақалпақ және өзбек ұлтының өкілдері де дем салдырып жатыр. Шағымын айтып, кезек тұрғысы келетіндердің қарасы көп.
Tik-tok молда, Tik-tok емші
Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдері, қала берді, ислам әлемі үшін дем салып емдеу, таң қаларлық жайт емес. Бірақ, әлеуметтік желіні пайдаланып, Tik-tok арқылы емдейтін емші жұртты расымен де таңырқатып отыр.
Онлайн дем салу – бұрын-соңды болмаған нәрсе.
Соңғы кездері көп адам қарайтын әлеуметтік желілердің бірі Tik-tok аудиториясын пайдаланғысы келетіндер аз емес. Тіпті, имамдар да осы желі бойынша уағыз жүргізіп жүр. Соның бірі – «Tik-tok имам» атанып кеткен Нұрлан Асанов.
Қазақстанда емшілік заңды ма?
Әрине, заңды. Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы бар. Қоғамдық бірлестік ретінде құрылған. 1991 жылдан бері заңды түрде жұмыс істеп келеді. 1992 жылы Әділет министрлігінің тіркеуінен өткен. Оған түрлі емшілер, балгерлер, бақсылар, жұлдызшылар мен шөппен емдейтін емшілер кіреді.
Ислам діні балгерлер мен бақсыларға қырын қарағанмен, дем салып емдеуді құптайды. Шариғатта сиқыр (дуа жасау), көз тию, адамның ішіне жын кіру деген ұғымдарды жоққа шығармайды. Адам бірдеңеден қатты қорыққан кезде, қатты ауырса, ақыл-есі ауытқыса, дем салып, үшкіру қажет. Демнің пайдасы туралы Құран мен хадистерде айтылады.
Емшілерге сенуге бола ма?
Емшіге сену-сенбеу әркімнің өз еркі. Десе де, елімізде дәстүрлі медицинадан гөрі халық емшілеріне сенетіндер көп. Өйткені, дәрігердің алдына барып емделуге көп уақыт пен қаражат кетеді. Дәрігерлердің де біліктілігі әртүрлі екені түсінікті.
Сол сияқты халық емшілерінің арасында да түрлі адамдар бар. Мәселен, жаңа жылдың алдында Ақтөбедегі бір емшінің өзінің ерекше қабілетін пайдаланып, адамдардың көздерін байлап, алдына барған 60-тан аса адамға кредит алдырғаны белгілі болды. Тіпті, бір адамның атынан 15 млн, екіншісіне 18 млн теңге алдырған. Алданғандардың айтуынша, емші гипноз қолданған. Ақтөбе полициясына 16 адамнан арыз түскен.