520 км бес минутта қуатталады: CATL жаңа өнімін таныстырды

Жарияланды
Көпке шыдайтын аккумуляторлар шығып жатыр / фото: Reuters

Аккумулятор өндірісінде бәсеке қызып тұр. CATL компаниясы 520 км үшін бар болғаны бес минутта қуаттайтын жаңа өнімді таныстырды.

Бұған дейін Қытайдың BYD автогиганты электромобильді 5 минутта қуаттап, Tesla секілді бәсекелестерін жолда қалдырды. Алайда оның қуаты 400 км-ге ғана жететін.

CATL – аккумулятор шығаратын ең ірі компания

Әлемде аккумулятор өндіруші ең ірі компаниялардың бірі – Contemporary Amperex Co. Ltd. (CATL) одан 120 км ұзағырақ шыдайтын өнім жасап шықты. Электромобильдерге арналған тауар 21 сәуірде Шанхай қаласында Tech Day көрмесінде таныстырылды.

Қытайдың қаржы астанасындағы жиынға CATL техникалық директоры Гао Хуанды тыңдап, компания төрағасы, миллиардер Робин Цзэнді үлкен экраннан тамашалау үшін осы саланың жүздеген ықпалдылары, БАҚ өкілдері жиналды деп жазды Bloomberg.

Компания Shenxing аккумуляторының жетілдірілген түрін көрсетті. Техдиректордың айтуынша, бар болғаны бес минутта алынған қуат 520 км-ге жетеді. Гаоның мәлімдеуінше, компания Shenxing өнімін электромобиль аккумуляторлары үшін стандартқа айналдыруға ұмытылады.

CATL өнімдерінің әлемдегі үлесі

Қытай компаниясының өнімдерін әлемде көптеген автоөндіруші пайдаланып жүр. Солардың арасында Илон Масктың Tesla Inc. компаниясын да атауға болады.

SNE Research мәліметінше, әлемдегі аккумуляторлардың шамамен 38,2%-ын CATL шығарады. Оның басты қарсыласы саналатын BYD үлесі – бар болғаны 16,9%.

Гибрид-автокөлікке арналған жаңа өнім

CATL гидбрид-автокөліктерге арналған Naxtra аккумуляторын сынап жатыр. Оны натрий-ионды аккумулятор деп те атайды. Naxtra гибрид автомобильге шамамен 200 км, ал электромобильге 500 км жүріске жететін қуатты бере алады.

Сондай-ақ оқыңыз