
Жапонияның Nintendo компаниясы сауда соғысына байланысты Switch 2 ойынын шығара алмай отыр. Компания бағаны көтеруі де мүмкін.
Бұған дейін тағы бір жапон компаниясы – Sony PlayStation 5 бағасын көтерген.
Switch мегахиті қиыншылыққа тап болды
Коронавирус індетіне байланысты жарияланған карантин уақытында Nintendo компаниясының Switch ойыны көпшіліктің ермегіне айналған. Енді видеоойын шығаратын жапон компаниясы сауда соғысының зардабын тартып жатыр деп жазды Reuters.
Сегіз жыл бұрын жарыққа шыққан Switch 150 млн тиражбен таралған. Switch 2 биыл 5 маусымда шығуы тиіс.
Сауда соғысының зардабын автомобиль және чип өндірістері ғана емес, «Super Mario», «Donkey Kong» ойындарын шығарушы да тартып жатыр. Nintendo биыл жаңа өнімін шығаруда түрлі кедергіге тап болды. Switch 2 ойының таралуы компанияның болашақта қанша табыс табатынына тікелей байланысты.
Компания жаңа ойын бағасын 449,99 доллардан көтермей, оны Құрама Штаттарға көптеп шығаруды көздеп отыр. Алайда Nintendo бағаны көтеру жағын да естен шығармайды.
«Егер баж салығы шынымен әсер ететін болса, онда Switch 2 бағасын көтеруге тура келеді», — дейді Kantan Games консалтинг компаниясының негізін қалаушы Серкан Тото.
Ойын бағасына не әсер етті?
2 сәуірде Nintendo жаңа ойын бағасы мен шығатын күнді хабарлады. Дәл сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп әлем елдері үшін баж салығы көлемін жариялады. Содан кейін жапон компаниясы АҚШ-қа алдын ала тапсырыс қабылдауды уақытша тоқтатып, салықтың сауда ықпалын зерттеуге көшті. Сосын Nintendo алдын ала тапсырыс қабылдау 24 сәуірде басталатынын, бастапты баға өзгермейтінін мәлімдеді.
Дегенмен компания кейбір аксессуарының бағасын көтеріп, «болашақта басқа да тауар құны көтерілуі мүмкін» екенін ескертті.
АҚШ – Nintendo-ның негізгі нарығы. Оның өнімдерінің 44%-ын Америка сатып алып отыр.
«Сұраныс жоғары болса, Nintendo АҚШ-қа өнімдерін Вьетнам мен Камбоджадан тасиды», — дейді Bernstein сарапшысы Робин Чжу.
Трамп Вьетнам мен Камбоджаға өте жоғары тарифтер белгілегені мәлім. Алайда қазір баж салығын енгізу 90 күнге уақытша тоқтап тұр.
«Жағдай ауырласа, Nintendo компаниясына Вьетнамға 46%, Камбоджаға 49% деп белгілінген баж салығы шығынын жабуға тура келеді», – дейді CLSA сарапшысы Джей Дефибо.
Сарапшылар болжамы
Ampere Analysis болжамына қарағанда, 2025 жылы АҚШ-қа 4,6 млн, ал әлемнің басқа да елдеріне 13,2 млн Switch 2 ойыны сатылады.
Мамандардың пікірінше, ең сенімді жанкүйерлер Switch 2 ойынын қымбат бағаға да сатып ала береді. Алайда ойын құнының көтерілуі қарапайым тұтынушылар арасында сұранысты азайтуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Sony 14 сәуірден бастап әлемнің бірқатары елі үшін PlayStation 5 бағасын 11%-ға көтерген. Жапон компаниясы бұның себебін инфляция жоғарылап, валюта бағамы құбылып тұрғанымен түсіндірді.