Қытай АҚШ-пен келісуге ұмтылғандарға ескерту жасады. Оның Қазақстанға да қатысы бар

21 сәуірде Қытай Вашингтонды баж салығын жөнсіз қолданды деп айыптады. Бұған қоса Бейжің АҚШ-пен сауда келісіміне ұмтылған елдерге ескерту жасады. Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы өршіген тұста, оның зардабын басқа да елдер тартады. Құрама Штаттармен сауда келіссөзін жүргізгелі отырған Қазақстан не істейді?
Қытай батыл талап қойды
Reuters мәліметінше, Бейжің Қытай есебінен пайда көру мақсатында келісім-шартқа отырған кез келген тарапқа қарсы шара қолданады деп ескертті қытай сауда министрлігі.
Осының алдында Bloomberg Трамп әкімшілігі Қытай саудасын шектеу мақсатында басқа да елдерге қысым көрсетеді деп хабарлаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің ондаған еліне 2 сәуірде жариялаған тарифтерін үш айға уақытша тоқтатты. Бірақ әлемнің екінші экономикасы – Қытайға салынған баж салықтары сол күйінде қалды. Вашингтон Бейжіңге баж салығы көлемін 145%-ға көтерсе, Қытай америкалық тауарға 125% сауда салығын енгізіп үлгерген. Екеуінің бұл әрекетін сауда эмбаргосы деп теп атауға болады. Себебі Қытайдың АҚШ тауарларын импорттау көрсеткіші әлдеқайда азайды.
Енді Қытай Құрама Штаттарды әлем елдерін онымен келісімге отыруға мәжбүрлеп отыр деп айыптады. Сауда министрлігінің мәлімдеуінше, Қытай өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сонымен бірге барлық тараппен ортақ тіл табысуға дайын.
«Ешкім де екі тараптың бірін таңдағысы келмейді. Егер ел инвестиция, өнеркәсіп және инфрақұрылым жағынан Қытайға тәуелді болса, онда ол АҚШ талабына көне қоймайды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы көптеген елдер осы санатқа жатады», – деп есептейді Plenum қытай консалтинг компаниясының өкілі Бо Чжэнъюань Reuters агенттігіне.
Вашингтонды айыптаған Бейжің осы аптада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми емес жиналысын шақырып жатыр.
АҚШ сауда өкілі Джеймисон Грирдің айтуынша, әлемнің елу шақты елі Трамп тарифтерін талқылағысы келеді. Содан бері бірнеше ел Құрама Штаттармен сауда келісімін талқылаған. Олардың арасында Жапония мен Индонезия бар. Оңтүстік Корея да келіссөздер бастағалы жатыр.
Қазақстан не істейді?
Қазақстан да жаңа тарифтерге байланысты АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайындалып жатыр. Сауда вице-министрдің айтуынша, келіссөз Құрама Штаттарда өтуі мүмкін.
Сәуірдің басында АҚШ екі жүзге тарта мемлекетке жаңа сауда баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұл тізімге Қазақстан да кірген. Ақ үй жариялаған кестеде Қазақстан үшін белгіленген тариф мөлшері 27%-ды құрады. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Артынша елдің сауда министрлігі ресми ақпарат таратып, бұл салық Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың 92 пайызына қатысы жоқ деді. Өйткені республикадан Америкаға негізінен шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және басқа да тауар экспортталады. Ал қосымша салық фосфор, феросилиций, линзалар, бидай глютені, аммоний нитраты секілді тауарларға салынады.
Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп әлем елдеріне жариялаған қосымша салықтарын үш айға уақытша тоқтатқан, бірақ Қытайға салынған шектеулердің оған қатысы жоқ.