“Бұл катастрофа!”: PISA зерттеуі бойынша ауыл мектептері үш сыныпқа артта қалған

Қазақстанда білім теңсіздігі проблемасы жылдан жылға ушығып барады. Білім сапасы мен функционалдық сауатты бағалайтын PISA халықаралық зерттеуі бойынша, Қазақстанда қала мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтық ұлғайған. Бұл туралы KURSIV MEDIA YouTube арнасы түсірген деректі фильмде айтылды.
Білім теңсіздігінің «Отанына» айналдық
Сарапшылардың сөзінше, елімізде қала мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтық 100 баллды көрсетеді. Қостанайдағы қала мектебінің 5-сынып оқушысы мен Атыраудағы ауыл мектебінің 8-сынып оқушысының деңгейі бірдей. Яғни, ауыл баласының білімі үш сынып артта қалған. «Бұл катастрофа» дейді білім сарапшысы Нұрлан Қиясов.
«Білім теңсіздігі қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық проблемаларға әкеп соғады. Діни радикализм, жұмыссыздық, лудоманияның негізі білім саласындағы теңсіздікте жатыр. Өкінішке орай, Қазақстан білім теңсіздігінің “Отанына» айналып бара жатыр. Теңсіздік тек ауыл мен қала арасында ғана емес, орыс және қазақ мектептері арасында да бар. Тағы бір теңсіздік – солтүстік және оңтүстік, батыс өңірлер арасында, зияткерлік мектептер (НЗМ, БИЛ) мен жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер арасында алшақтық үлкен”,-дейді сарапшы.
Деңгейіміз Африка елдерімен бірдей
PISA бойынша, Қазақстан мектептері оқушыларға функционалдық сауат дағдысын бере алмайды. Яғни, оқушылардың мектепте алған білімін өмірде қолдану көрсеткіші төмен.
«Біз интеллектуалды деңгейіміз жоғары және білімді шығармыз. Бірақ сол білімді іске асыру дағдысы төмен болуы мүмкін. PISA зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан мектептерінің 60% функционалдық сауаты төмен. Бұл болашақ жұмыссыздарды оқытып жатырмыз деген сөз. PISA көрсеткіші алты деңдейден тұрады, еліміз 1-2 деңгейде. Өкінішке орай, Қазақстан “антирейтингте». Қарапайым тілмен айтқанда «двоечниктердің» қатарында және Африка мемлекеттерімен бірдей. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанның білім беру саясаты заманауи емес. Біздің білім әдістемеміз балаларға қызық емес және мектеп беретін дағдылар PISA-ға сай емес деген сөз”,- дейді Қиясов.
Білім теңсіздігімен күресу, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақты азайтуға қатысты сарапшылар бірқатар шешімдер ұсынады. Материалдың толық нұсқасын KURSIV MEDIA YouTube арнасынан көре аласыздар.