Жаңалықтар

Борышкерлердің жасырын табысы inDrive және Yandex арқылы анықталмақ

Министр inDrive және Yandex арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысы анықталатын ескертті /Фото: shutterstock

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев inDrive және Yandex арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысы тексерілетінін ескертті.

Министр табысын әдейі жасыратынды анықтау үшін бұдан былай жаңа тәсіл қолданылатынын айтады.

«Қазіргі кезде агрегаторлармен келіссөзді бастадық. Yandex Taxi немесе басқа да интернет агрегаторлармен келісімсөздер болып жатыр. Біз қазіргі кезде тек борышкер азаматтармен ғана жұмыс істеп жатырмыз. Алимент  төлемей немесе  басқа да сот шешімдерінің орындалмауына байланысты, табысын жасырып жүргендер қамтылады. Оларды тек жүйенің интграциясы арқылы іздеп, қажетті шара қолдануды қарастырып отырмыз», — деді Ерлан Сәрсембаев Мәжіліс кулуарында.

Министрдің сөзіне сенсек, қазіргі уақытта борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтау және  берешектерін өндіріп алу мүмкіндіктеріне талдау жасалып жатыр. Нақты айтсақ, электрондық әмияндар, букмекерлік компаниялар, бағалы қағаздар, криптовалюта операциялары, дропшипинг, желілік маркетинг және тағы басқа жолдармен алған кірістері тексеріледі.

Болмашы берешекке бола шотты бұғаттайтын сот орындаушыларына шағымдануға болады. Әділет министрі осындай жағдайлардың алдын алу үшін бүгінгі таңда цифрлық платформа әзірленіп жатқанын жеткізді.