Жаңалықтар

Жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті

Тарази
Әкім Тарази қайтыс болды/фото: Мирас Асанның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мирас Асан жеткізді, деп хабарлайды KursivMedia.

«Қазақ әдебиетінің тағы бір алып бәйтерегі құлады… Классик қаламгер Әкім Тарази ағамыз бақиға бет бұрыпты»,- деп жазды ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.

«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты.

Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.

Айта кетейік, Әкім Тарази 1933 жылы Алматыда туған. Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы шыққан.

Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен  повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген. 2023 жылы мамыр айында қаламгердің 12 томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өткен.

Әкім Таразидің сценарийі бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енген.

«Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де  драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.

Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің «Ежелгі уақытта Орта Азияда өмір сүрген халықтар туралы мәліметтер жинағы» («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена») және «Шыңғыс әулетінен шыққан алғашқы төрт ханның тарихы» («История первых четырех ханов из дома Чингизова») атты тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерін, сондай-ақ, Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын қазақ тіліне тәржімалаған.

1994 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды, 1997 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, 2002 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2011 жылы Прага қаласында Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығымен марапатталды. Сол жылы Англияда Ә. Таразидің «Қорқау жұлдыз» романы ағылшын тілінде жарық көрді. 2015 жылы «Отан» орденімен марапатталған. 2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері атанды.