Жаңалықтар

Қарағандыда субсидия алған кәсіпкерлер мемлекетке 339 млн теңге қайтарады

qaragandy
Қарағандыда субсидияны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты/фото: kursiv.media

Қарағандыда 339 млн теңге мемлекеттік субсидияны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Қаражат «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобасы аясында сүт өнімдерінің бағасын арзандатуға бөлінген.

Қылмыстық іс бойынша тергеуді Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізді.

Осылайша «DIAS» шаруа қожалығының басшылары жергілікті ветеринарлық дәрігермен сөз байласып, субсидия алу мақсатында ірі қара мал, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру және сату туралы жалған құжаттар тапсырғаны анықталды.

Алайда іс жүзінде шаруа қожалығының қарамағында өндірістік қызмет жүргізуге жарамсыз шағын мал шаруашылығы базасы ғана болған. Сүт өнімдерін өндіру мен өңдеу іс жүзінде жүзеге асырылмаған.

Күдіктілер жымқырылған субсидияның бір бөлігін ет бағытындағы 60 асыл тұқымды бұқа сатып алуға жұмсаған.

Сот үкімімен олар ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық), 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру) және 206-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, сот Ауыл шаруашылығы басқармасының 339 млн теңге сомасындағы азаматтық талабын қанағаттандырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.