Аққа бояп берсеңіздер сөзсіз аламыз: Бердімұхамедовтың сапары аяқталды

Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтың Қазақстанға сапары аяқталды. Оның Қазақстан президенті Қ.Тоқаевпен барған соңғы орындардың бірі SPK Turkistan индустриалды паркі болды.
Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, ауыл шаруашылығы тракторлары, білім мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар, есіктер және тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған.
Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты.
Экспозицияға отандық кәсіпорындар шығаратын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық техника, медициналық құрылғылар, өндірістік аккумуляторлар, жиһаздар, текстиль, киім және тағы да басқа тауар түрлері қойылған.
Көрмені аралап жүрген Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Tank 300 жол талғамайтын көлігін көрсетіп жатқанда «бізге мұны аққа бояп берсеңіздер, сөзсіз аламыз» деді. Түрікменстанда тек ақ түсті көлікпен жүруге рұхсат.
Екі күндік сапар барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-саттықты 1 млрд долларға жеткізу жоспары туралы айтып, Қ.Тоқаев Қазақстан тарапы Түркіменстандағы кен орындарын өңдеуге ықыласты екенін мәлім еткен.