Жаңалықтар

1 мамырдан бастап кей науқастарға жедел жәрдем емес, емхана қызметкерлері барады

1 мамырдан бастап кей науқастарға жедел жәрдем емес, емхана қызметкерлері барады
1 мамырдан бастап кей науқастарға жедел жәрдем емес, емхана қызметкерлері барады/Фото: ДСМ

Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін емхана жанындағы мобильдік бригадалар жұмысына өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

ДСМ мәліметінше, бұл жедел жәрдемнің келуін ұзақ күту шағымдарына байланысты және шұғыл қызмет жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр.

Не өзгереді

  • емханалардың жанындағы мобильдік бригадалар жұмыс уақытында – 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады;
  • өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;
  • 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

Министрлік мәліметінше, статистика жедел жәрдем шақыртуларының 50%-дан астамы жеделділіктің 4-санатына жататынын әрі созылмалы аурулардың өршуіне байланысты екенін көрсеткен.

Өзгерістер 1 мамырдан бастап күшіне енеді.

Мобильдік бригада

МСАК мобильдік бригадалары 25 мың тұрғынға бір бригада есебінен құрылады. Олар пациенттің тұрғылықты жері немесе бекітілуіне қарамастан нақты келген жері бойынша жұмыс істейді.

МСАК мобильдік бригадасының шақыртуға келу уақыты – 60 минутқа дейін. Барынша шұғыл санаттар үшін төмендегідей нормативтер көзделген.

  • 10 минут – бірінші;
  • 15 минут – екінші;
  • 30 минут – үшінші санаттағы шақыртулар үшін.

Қажет болған жағдайда мобильдік бригадалармен педиатр, кардиолог, невропатолог сияқты арнайы бағыттағы мамандар да бірге барады.

ДСМ жедел жәрдемді шақырту механизмі өзгеріссіз қала беретінін, 103 нөмірін теру арқылы азаматтар тәуліктің кез келген уақытында шұғыл медициналық көмекке қоңырау шала алатынын атап өтеді.

Бұған дейін, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілетін өзгерістер қарсаңында өзінің ұсыныстарын ортаға салған.