
2025 жылдың І тоқсанында республикалық бюджетке салық жоспардан артық түскен. Үкімет қаңтар-наурыз айларында бюджетке 6 трлн теңге түседі деп жоспарлағанымен, кірісі 4,9 трлн теңгені құраған. Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, қазынаға түскен кірістің басым бөлігін салық түсімдері құраған.
ыОсы кезеңде 3 трлн теңге салық түседі жоспарланған. Салық жоспардан артық орындалып, қазынаға 3,1 трлн теңге түскен. Жалпы алғанда, бюджет түсімдерінің орындалуы 93 пайызды құраса, салықтық түсімдер жоспары 102,8 пайызға асыра орындалған.
Соның ішінде қосылған құн салығы 1,32 трлн теңге көлемінде жиналып, жоспардың 95,9 пайызына жетті. Корпоративтік табыс салығы бойынша түсім 1,02 трлн теңгені құрап, жоспар 104,1 пайызға орындалған. Кеден төлемдер 391,45 млрд теңге көлемінде түсті. Дегенмен, акциздер бойынша жоспар орындалмай, бюджетке 28,39 млрд теңге немесе 69,2 пайыз ғана түскен.
Салықтық емес түсімдер де орындалып, үш айда 194,58 млрд теңге бюджетке түсті. Бұл жоспардың 85,2 пайызына сәйкес келеді.
Ұлттық қордан бюджетке 1,45 трлн теңге трансферт аударылған. Оның 1,2 трлн теңгесі кепілдендірілген трансферт болса, 250 млрд теңгесі мақсатты трансферт ретінде бағытталған.
Бюджет шығыны қанша?
Қаңтар-наурыз айларында республикалық бюджет шығыны 5,52 трлн теңгені құрады. Негізі шығын 6,9 трлн теңге болады деп жоспарланған. Яғни бюджет шығыны жоспардан 15 пайызға аз болған.
Бюджет шығыны құрылымында ең көп қаржы әлеуметтік қамтамасыз ету саласына бағытталды. Бұл бағытта 1,5 трлн теңге жұмсалып, жоспарлы ақша 99,7 пайызға игерілді.
Мемлекеттік борышқа қызмет көрсету де толық көлемде орындалған. Қарыз өтеуге 978,5 млрд теңге бөлініп, жоспар 100 пайызға орындалды.
Сонымен қатар, үш ай ішінде мемлекет 1,48 трлн теңге көлемінде жаңа қарыз тартқан, оның 1,41 трлн теңгесі – ішкі, ал 68,2 млрд теңгесі – сыртқы қарыз. Бұл сыртқы қарыздың жоспары үш есе артық орындалғанын байқатады.
2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында республикалық бюджет табысы 3,6 трлн теңге болды. Алайда Үкімет екі айда 4,3 трлн теңге жинауды көздеген. Салық көп жиналғанына қарамастан, жоспар бар болғаны 83,7%-ға орындалды.