Жаңалықтар

ТШО Теңіз кен орындағы ереуілге қатысты мәлімдеме жасады

ТШО, забастовка, Тенгиз
ТШО қандай мәлімдеме жасады / Фото: tengizchevroil.com, бильд-редактор: Милош Муратовский

«Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы Теңіз кен орнындағы наразылыққа қатысты ресми түсініктеме берді. KursivMedia сайтына берген жауабында компания баспасөз қызметі бұл мәселеге тікелей мердігер компания жауапты деп мәлімдеді.

Мәлімдемеде компания «Кәсіби таңдау» ЖШС қызметкерлері көтеріп отырған мәселеден хабардар екенін айтты. Аталған компания ТШО-ның мердігері – COC Realty-дің мердігері.

«ТШО-ның мердігер ұйымдары – тәуелсіз заңды тұлғалар. Сондықтан осы мәселеге байланысты барлық сұрақтарды «Кәсіби таңдау» компаниясына жолдаған жөн. ТШО өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізеді», – делінген ресми хабарламада.

21 сәуір күні «Кәсіби таңдау» компаниясының жұмысшылары Теңіз кен орнында ереуілге шыққан болатын. Олар жалақыларын 50 пайызға көтеруді талап етті.

Атырау қаласында тіркелген компания 2021 жылы ашылған. Негізігі қызметі – еңбек ресурсымен (қызметкер таңдау) қамтамасыз ету. Құрылтайшысы – Комлева Елена.

17 сәуірде қызметкерлер ТШО бас директоры Уильям Лакоби, COCR жетекшісі Аджай Майк және «Кәсіби таңдау» ЖШС басшысы Айнұр Смитке жазбаша өтініш жолдаған. Олар инфляция мен күнкөрістің қиындағанын алға тартып, қазіргі жалақы тұрмысқа жеткіліксіз екенін атап өткен. Сондай-ақ еңбекақыны арттыру еңбек өнімділігіне оң әсер ететінін де мәлімдеген. Қызметкерлер үш күн ішінде ресми жауап беруді сұрады.