Lifestyle

Ford Қытайға автомобиль экспортын тоқтатты

Ford басшылығы кедендік баж салығына байланысты осындай шешім қабылдаған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Ford басшылығы кедендік баж салығына байланысты осындай шешім қабылдаған / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ford Motor Company америкалық автокөлік алыбы Қытайға автомобиль экспортын уақытша тоқтатты. Бұл шектеуге F-150 Raptor, Mustang, Bronco, сондай-ақ люкс санатындағы Lincoln Navigator сияқты танымал модельдер ілікті. Бұған себеп — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының ушығуына байланысты импорттық баж салығының күрт өсуі.

Баж салығы саяси қысым құралы ма?

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға қосымша 25 пайыздық тариф енгізгеннен кейін, Қытай үкіметі бірден қарсы шаралар қабылдап, оған америкалық автокөліктер де ілікті. Соның нәтижесінде кейбір Ford модельдеріне қатысты жалпы баж салығы 150%-ға дейін өсті. Бұл олардың Қытай нарығында бәсекеге қабілеттілігін жоққа шығарды. Бұл жағдайға қатысты компания түсініктеме берді.  

«Біз АҚШ-тан Қытайға экспорт көлемін қолданыстағы кедендік баж салығына сәйкес қайта қарастырдық», – деп жазылған компания таратқан баспасөз релизінде. 

Өндірістік шектеулер

Қытайға экспортталатын модельдер АҚШ-тағы Мичиган және Кентукки штаттарындағы зауыттарда өндірілді. Бұл автомобильдерді басқа — Азия немесе Еуропа елдерінде шығаратын баламалы зауыттар Ford компаниясында жоқ. Дегенмен қозғалтқыштар мен беріліс қораптарын экспорттау жалғасуда.

2024 жылы Қытайға шамамен 5,5 мың Ford және Lincoln автокөлігі экспортталған. Бұл айтырлықтай көп болмаса да, қазіргі жағдайды ескерсек, ондай жеткізілімдер де енді күмән тудырып отыр.

Ал бұл ретте Қытайдан АҚШ-қа экспорт жалғасуда.  Қытайда өндірілетін Lincoln Nautilus кроссовері АҚШ-та сатылып жатыр және бұл жеткізілімді тоқтату туралы хабарланбады.

Дилерлер мен тұтынушылар үшін салдары

Компанияның дилерлерге таратқан ішкі қызметтік жазбасында болашақта көлік бағасы қымбаттайтыны туралы жазылған. 

«Егер баж салығы сақталатын болса, жаңа көліктердің бағасы сөзсіз қымбаттайды, — деп жазылған.

Алайда ресми баға әлі қайта қаралған жоқ. Бұл жағдай сауда шиеленісінің тез арада шешілуіне үмітпен байланысты болуы мүмкін.

Автокөлік өндірісіне қауіп төніп тұр

Reuters агенттігінің бағалауынша, енгізілген тарифтер 2025 жылға қарай автокөлік өндірушілерге 108 миллиард доллар қосымша шығын әкелуі мүмкін. Ең осал кәсіпорындар қатарында Ford пен General Motors тұр. Өйткені олардың жеткізу тізбектері мен құрастыру зауыттарының көпшілігі АҚШ-тан тыс жерде орналасқан.

Айта кетерлігі, кей жағдайларда АҚШ-та құрастырылған шетелдік брендтер ең «америкалық» модельдер болып табылады.

«Ақ үйдің» үміті

Қиындықтарға қарамастан, Дональд Трамп болашаққа сеніммен қарайды:

«Қытай жеңілдікке барады, біз келісеміз», – деді АҚШ президенті.

Алайда, қазіргі жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр. Сондықтан Ford пен басқа да автокомпаниялар жергілікті өндірісті күшейтуге, логистиканы қайта құруға және жаңа нарықтарды игеруге дайындалып жатыр.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы сәуірдің басында Қытай америкалық тауарға қосымша 34% баж салығынан бас тартпаса, АҚШ ресми Бейжіңге қосымша 50% салық салатынын мәлімдеді. «Ақ үй» басшысы Дональд Трамп Қытайға салықты көтергісі келмейтінін, себебі қос держава арасындағы импорт пен экспорт тоқтағанын қаламайтынын жеткізді.