Lifestyle

Блогер Дарикорн әкімшілік жауапқа тартылды

Daricorn, блогер, Дарига Нуркеева
Блогер Дарикорн әкімшілік жауапқа тартылды / фото: instagram

Daricorn (Дарикорн) лақап атымен танымал блогер Дариға Нұркеева жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті хабарлады.

Алматы қаласының полицейлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін әлеуметтік желілердегі бейнелер арқылы анықтап, танымал блогер Дарикорнның көлік тізгінінде ЖҚЕ-ні қасақана бұзғанын анықтады.

«Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында блогердің жолда сигнал бермей, қозғалыс жолағын күрт ауыстырып, апаттық жағдай туғызған сәті бейнетаспаға түсіп қалған. Осыған байланысты оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 595-бабы 1-бөлігі (сигнал беру талаптарын орындамау) және 606-бабы 1-бөлігі (апаттық жағдай туғызу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды», делінген хабарламада.

Полиция мәлімдегендей, мұндай әрекеттер — тек жауапсыздық емес, бұл – жолдағы өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіру. Бұл жағдайлар, өкінішке қарай, кейде интернеттегі лайк пен қаралым үшін әдейі жасалады.

Алматы қалалық Полиция департаменті барлық азаматтарды жолда жауапкершілік пен тәртіп сақтауға шақырады.

«Хайп» пен танымалдылық заңнан үстем емес. Заң – баршаға ортақ, және әрбір құқықбұзушылыққа нақты реакция болады. Қауіпсіздік — бұл жай ғана әлеуметтік контенттің тақырыбы емес, бұл — әр адамның жеке жауапкершілігі, – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дарикорн мектеп оқушысымен түсірген видеосында «булинг жасады» деп басы дауға қалған еді.