Жаңалықтар

Атылған оқ емес, жабылған жала жанға батты – Берденовке кімдер қолдау білдірді

Қоғам қайраткерлері Руслан Берденовке қолдау білдірді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуыл ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Қоғам белсенділері, депутаттар, спортшылар мен танымал тұлғалар қолдау білдіріп, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып отыр.

Айдарбек Қожаназаров, «Республика» партиясының төрағасы:

«Жаңалықты естіп, есеңгіреп қалдық. Қазір өміріне қауіп жоқ. Операция бірнеше сағатқа созылды. Бірақ әзірге тек бір дүниенің астын сызып айтқым келеді: Жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Руслан – нағыз азамат! Мемлекетшіл жігіт! Отбасына аман-есен оралуына тілектеспін», – деді.

Руслан Берденовтің досы Әлімжан Ақаев өз Instagram парақшасында досына атылған оқ емес, оған жабылған жала жанға ауыр батқанын жазды:

«Досымыз өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқанда, әлеуметтік желіде тараған шындыққа жанаспайтын алып-қашпа әңгімелерге куә болдық. Өкінішке қарай, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары сол жалған ақпаратты іліп әкетіп, ары таза азаматқа негізсіз айып тақты. Бұл – тек жеке адамға емес, барша қоғамға жасалған қиянат», – дейді Ақаев.

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров:

«Жаңалықты ести сала, бірден Руслан бауырымның әкесіне хабарласып, жағдайын білдім. Аллаға шүкір, өміріне қауіп жоқ екен. Руслан — намысты, елге жанашыр азамат. Атақ пен мансап қуған жан емес. Мемлекеттік қызметке де елге шын ниетпен келген еді. Руслан бауырыма амандық тілеймін», – деді.

Продюссер Жан Мұқаев:

«Руслан Берденов – жоғары интеллект иесі, рухы мықты, нағыз патриот. Ешқашан әділетсіздікке көз жұма қарамайды. Құрылыс саласы – ең күрделі, бюджеті ең үлкен сала, сондықтан ондағы тазалық пен принциптілік өте маңызды. Руслан – дәл сондай адам. Бұл оқиға оның мықтылығын тағы бір дәлелдеді», – деп атап көрсетті.

Жанқош Тұраров, кәсіпқой боксшы:

«Оқ атып, денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, қара күйе жағып бастапты. Бұл 100% тапсырыспен жасалған әрекет. Ақылы бар адам оған сенбейді. Елім деген ер туса, оны қабатын иттер де табылады. Рәке, тез сауығып кетіңіз!», – деп жазды спортшы.

Сырымбек Тау, кәсіпкер, қоғам белсендісі: Ахмет Байтұрсынұлының мына бір әсерлі өлең жолдарын келтіріп, оқиғаға деген көзқарасын білдірді:

«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,
Маған қиын осылардың бәрінен,
Өз аулыңның иттері үріп-қапқаны…»

Осылайша, көптеген қоғам қайраткерлері Руслан Берденовті әділетті, елге адал қызмет ететін тұлға ретінде сипаттап, оған жасалған шабуылды айыптап жатыр. Бұған дейін Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы халықты жалған ақпаратқа сенбеуге, алдағы тергеу нәтижесін күтуге шақырды.

Еске сала кетейік, 21 сәуір күні Шымкент қаласының әкімдігі алдында Руслан Берденовке оқ атылды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.